Мәдениет

Сарыарқаның сары қызы

Жақында елордада өзге этнос өкілдері арасында «Алтын шаңырақ» атауымен алғаш рет республикалық айтыс өтті. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған аталмыш сөз сайысын Астана қаласының әкімдігі мен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы ұйымдастырды. 12 этнос өкілі 6 жұп болып сөз жарыстырған айтыста астаналық Эльдана Габерман жарқырай көрініп, екінші орынды иеленді. Бүгінгі әңгімеміз де жүрегі қазақ деп соғатын өнерлі осы неміс қызы туралы болмақ.

Кереку өңірінен шыққан халық композиторы Майра Уәлиқызы әкесі татар болса да, қазақ әндерін шыр­қап жүріп, елге кеңінен танылды. Жанынан «Майраның әні» атты төл туындысын шығарып, даңқы қазақ жеріне жайылды. Бұған әншінің анасы, қазақ қызы Қатираның ықпалы болған секілді.

Осы сияқты сол өңірдің Аққулы ауданының тумасы Эльданаға да қазақ тіліне құштарлық ана сүтімен, ана тәрбиесімен дарыды. Әншінің анасы Зәуре Желдібаева қызына тілді ғана емес, қазақы тәрбиені сіңірді. Эльдана қазақтың салт-дәстүрлерін жақсы біледі. Әсіресе, тұсаукесер рәсімі өзіне ерекше ұнайды. Ұлттық тағамдарды да дәмді етіп пісіреді. Соның ішінде әрине, еттің алатын орны бөлек. Бұл тағамды жақсы дайындайды.

Эльдана әнге бала кезінен құштар болды. Оқушы кезінен түрлі байқау­ларға қатысты. 11 жасында әйгілі әнші, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаеваның батасын алды. Эльдана шырқайтын әндер де Роза Қуанышқызының жұлдызын жандырған Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия», Төлеген Мұхамеджановтың «Құс жолы», т.б. осы сынды танымал әндерден тұрады. «Әлия» Эльдананың үлкен сахнаға жолын ашты. Осыдан тура 20 жыл Астанаға келіп, «Жас қанат» байқауында бағын сынады. Дипломант атанып, сол бойы елордада қалып қойды.

Бастапқыда астаналық филармонияда қызмет істеді. Содан соң Ұлттық ұлан ансамблінде 10 жылдан астам жұмыс істеп, Қазақстан Қарулы күштері Орталық ансамбліне қабылданды. Қазір осы өнер ұжымының әншісі. Әскери салада жүргеніне биыл 17 жыл болды. Репертуарындағы әндер де сарбаздардың рухын көтеретін патриоттық туындылардан және эстрада әндерінен тұрады.

Түрлі өнер сайыстарынан алған олжалары аз емес. Атап айтқанда, «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық байқаудың бас жүлдесін, «Виват, Қазақстан» әскери-патриот­тық әндер байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Ал «Алтын шаңырақ» айтысына қатысуға ұсыныс түскенде, ойланбастан бірден қабыл алды. Себебі домбыраны бір кісідей тарта алады. Сол айтыста:

Қазақтың жүрегіндей кең ғой далам,

Киелі топырағы ем ғой маған.

Мен осы топырақта туып өстім,

Сарыарқа, сары дала, кенді айнам.

Әскери қызметтегі батыр қызбын,

Ел қорғау аманат пен ар ғой маған.

Әлия, Мәншүктердің сіңлісі,

Қолына қару алып, ел қорғаған – деп төгіп те жіберді.

Эльдананың алған – мамандығы режиссер. Бірақ тағдырын ән өнерімен байланыстырды. Ауылындағы мектептен соң, Павлодар қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияда оқыса, музыкалық білім алу үшін тағы да алғашқы ұстаздың атын иеленген Арқалықтағы педагогикалық университетке оқуға түсті. Қазір осы оқу орнында оқып жатыр.

Белгілі жыршы, әнші, ұстаз Эльмира Жаңабергенованы жұрт Елмұра есімімен біледі. Бізге де Эльдананы Елдана деп атасақ болады. Ауылда өскен қыздың ауылға аңсары да айрықша. Арманы да – туған ауылына қайтып оралу. Болашақта ауылда мәдениет саласында қызмет істегісі келеді. Сол мақсатына жетуіне тілектеспіз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button