Құқық

Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық кепілі

Елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласы Полиция департаментінің бастамасымен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» форумы өтті.

Іс-шараға полиция қызметкерлері, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, педагогтер, мәслихат депутаттары, салалық мемлекеттік және медициналық мекемелердің қызметкерлері, психология­лық қызметтер, қоғамдық ұйым­дар мен ата-аналар қауым­дастығы қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы әлеуметтік ортаны қалыптас­тыру бойынша кешенді әрі тиімді шараларды әзірлеу.

Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері баяндама жасады. Атап айтқанда, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ювеналды полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Әсет Оспанов, сондай-ақ Астана қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бас­тығы полиция полковнигі Марат Өмірбаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың қазіргі жай-күйі туралы өзекті деректерді ұсынып, негізгі үрдістерді атап өтті және профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін жеткізді.

Форум барысында қатысушылар профилактиканың негізгі бағыттарын талқылады. Олардың қатарында жасөспірімдер қылмысының алдын алу, балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық қолдауды дамыту, сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі отбасының рөлін күшейту мәселелері бар.

Сонымен қатар, жасөс­пірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Іс-шара аясында «Құқықтық көмекші» чат-боты таныс­тырылды – бұл жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қажетті ақпаратқа ыңғайлы форматта қол жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи цифрлық құрал.

Астана қаласының Полиция департаменті кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендетуге, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған кешенді профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осындай іс-шараларды өткізу ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және өзекті мәселелерді шешуде бірыңғай тәсіл қалыптастыруға ықпал етеді.

Форум қорытындысында қатысушылар қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыты әрі қоғамның барлық институтының ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы әрбір баланың өзін қауіп­сіз сезінуіне жағдай жасауға болады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button