Зейнеткерлер халықаралық би күнінде өнер көрсетті
Астана қаласы әкімдігінің Есіл ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен «Жетісу» саябағында халықаралық би күні мен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған ауқымды мәдени іс-шара өтті. Ашық аспан астында өткен мерекелік кешке орталықтың қызмет алушы зейнеткерлері мен қала тұрғындары қатысып, ерекше әсер алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара «Жаңа толқын» би клубының орындауындағы «Ақмаржан» қазақ биімен басталды. Әжелердің ұлттық нақыштағы әсем қимылдар көрермен көңілін бірден баурап, кештің сәнін келтірді. Мерекелік бағдарлама барысында түрлі халықтардың би өнері кеңінен насихатталды. «Ханшайым» тобы испанның жалынды «Гитана» биін билеп, көрерменді ерекше эмоцияға бөледі. Ал «Ай би» тобы түрік халқының «Халай» биін орындап, шығыс мәдениетінің көркемдігін паш етті.

Кеш барысында тарихи маңызы бар «Яблочко» биі де ұсынылды. Бұл би Ұлы Отан соғысы жылдарындағы теңізшілердің ерлігі мен қайсарлығын бейнелейтін ерекше қойылым ретінде көрермен ықыласына ие болды. Сонымен қатар «Би сазы» тобы классикалық «Падеспань» биін орындап, өнердің нәзік әрі көркем үлгісін көрсетті.
Әртүрлі ұлт мәдениетін дәріптеген «Шабыт» тобының «Хора» еврей биі, «Ханшайым» тобының «Настроение» ритмдік биі және «Ай би» тобының «Кантри» вальсі кештің көркін аша түсті. «Жаңа толқын» клубының «Толқын ырғағы» биі көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Спорт пен өнерді үйлестірген «Ретро стильдегі спорттық би» де, ерекше назарға ие болды.

«Бүгін мереке қарсаңында барлық қатысушы өнерпаз ата-әжелер мен көрермендер «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты дәстүрлі патриоттық челлендж аясында ұйымдастырылған флешмобқа қосылып, бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті» — деп жүрекжарды лебізін білдірді Орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Гүлшат Әлекешқызы.
Аталған іс-шара елордалықтардың мәдени өміріне серпін беріп, түрлі ұлт өкілдерінің достығы мен ынтымағын нығайтуға бағытталған тағылымды кеш ретінде есте қалды.



