Білім

Жасанды интеллект пен ұлттық құндылықтар үндестігі

Астана қаласы әкімдігінің №97 мектеп-гимназиясында «Жасанды интеллект арқылы құндылыққа негізделген оқыту: бастауыш білім берудегі тиімді тәжірибелер» тақырыбында республикалық семинар өтті. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен №97 мектеп-гимназиясы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Семинардың негізгі мақсаты – бастауыш білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы құндылыққа негізделген оқытудың озық тәжірибелерін тарату, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру және заманауи әдістемелік тәсілдерді жетілдіру.

Ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен – Ұлытау облысы, Қарағанды қаласы, Жамбыл облысынан келген педагогтер, әдіскерлер мен білім беру саласының жетекші мамандары қатысып, тәжірибе алмасу алаңында бас қосты. Семинар барысында білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар өзара пікір алмасты.

Семинардың құрметті қонақтары қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Унзила Шапақ, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, оқулықтар авторы, балалар жазушысы Бижан Құрманғалиқызы Игенбаева, ҚР сот әкімшілігінің бас консультанты Бахыт Сағындықызы Мұхитденова, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының тәрбие теориясы және әдістемесі орталығының аға ғылыми қызметкері Айжан Мағауия, сондай-ақ педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Шынар Қапантайқызы қатысты. Қонақтар білім беру саласындағы жаңашыл бағыттар мен өзекті мәселелер жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Мектеп директоры Замзагүл Ертаевнаның бастамасымен 7 жыл бұрын құрылған «ZEREK» мектебінің жұмысы семинар аясында ерекше назарға алынды. Бұл жоба қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптей отырып, дарынды, жан-жақты дамыған, ойлау қабілеті жоғары, адамгершілігі мол тұлға қалыптастыруды мақсат етеді. Семинар барысында аталған эксперименталды алаңның жетістіктері кеңінен таныстырылды.

Іс-шара бағдарламасы мазмұнды әрі тәжірибелік бағытта ұйымдастырылды. Пленарлық отырыста құндылыққа негізделген білім беру мен жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі рөлі жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар бастауыш сыныптарда үлгі сабақтар өткізіліп, заманауи әдіс-тәсілдер мен тиімді оқыту технологиялары іс жүзінде көрсетілді.

Жасанды интеллект құралдарын қолданудың тиімді жолдарын таныстыру мақсатында шебер-сыныптар ұйымдастырылып, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Республикалық деңгейде өткен бұл семинар білім беру жүйесінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы ұлттық құндылықтарға негізделген оқытуды дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

 Гүлнұр Сембетова ,

Астана қаласы әкімдігінің №97 мектеп-гимназиясы директорының бейіндік оқыту бойынша орынбасары

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button