«Астана бас жоспары» институтына Моңғолиядан делегация келді
«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жоспарлау институтына Моңғолия Құрылысшылар одағының өкілдері келді. Кездесудің басты мақсаты тәжірибе алмасу, сондай-ақ елорданың бас қала құрылысы құжатымен танысу болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Институттың бас директоры Руслан Жақыпов қонақтардың назарына Бас жоспардың таныстырылымын ұсынды. Астана қаласы әкімдігі жүзеге асырған табысты жобалар таныстырылды. Сондай-ақ іс-шара аясында елорданың одан әрі дамуы жөніндегі алдағы жоспарлар туралы ақпарат ұсынылды.
Шетелдік әріптестер екі қаланың климаты мен орналасуын салыстыра отырып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Астана бас жоспары мамандары оларға жан-жақты жауаптар берді.
Сонымен қатар, кездесу аясында «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ мен Моңғолия Құрылысшылар одағы арасында алдағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қонақтар «Астана бас жоспары» өкілдеріне кездесуді ұйымдастырғаны және жылы қабылдағаны үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ бұл әріптестік қарым-қатынастың одан әрі дами түсетініне сенімдерін жеткізді.



