Әлеумет

Елордадағы кітап және кітапханашылар салтанаты 

Бүгін Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында Ұлттық кітап және Кітапханашылар күніне арналған «Кітап – білім көзі, кітапханашы – оның тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті.

Кітап және кітапханашылар салтанаты қоғамда кітаптың маңызын арттыру, кітапханалардың білім тарату мен мәдени мұраны сақтау ісіндегі маңызды рөлін айқындау, сондай-ақ кітапханашы кәсібінің беделін нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфухар Ғайыпов, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Құралай Айтмұхаметова, «Abai» телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы, елорданың Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева қатысып, ізгі тілектерін жеткізді, кітап оқуға байланысты тағайындалған аталым жеңімпаздарына марапаттарды тапсырды.

Қала әкімінің орынбасары Есет Байкен «Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Бұл, әрине руханият әлемі, барлық кітапсүйер қауым үшін ерекше мерекеге айналды. Оқуды серік еткен жандардың ұтары көп. Осы ретте Президентіміз де үнемі жастарға кітаппен дос болуды айтып жүреді. Мұның дәлелі — биылғы жаңадан жарыққа шыққалы отырған Конституциямыздың негізінде білім, ғылым, мәдениет, инновация даму стратегиямыздың негізгі бағдары ретінде бекітіліп отыр. Бұл – біздің болашағымызға деген үлкен мүмкіншілік. Ұлттық кітап күні қазір халықаралық деңгейге шығып отыр» дей келе, осы күндері елордада тоғызыншы рет ұйымдастырылған «Astana Eurasian Book Fair-2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатқанын, оған 15 елден баспагерлер, қаламгерлер, оқырмандар, туристер қатысып жатқанын айтып өтті. Бұл қазір елордада өтіп жатқан халықаралық іс-шаралардың арасындағы айтулы іс-шара екенін атап өтті. Ал бүгінгі кездесу қала әкімдігінің қала кітапханалары ұжымымен, оқырмандармен жыл бойғы жұмысының нәтижесі, қорытындысы болып отырғанын, бір жағынан кітапханашылар сияқты рух шырақшыларын құттықтау үшін ұйымдастырылғанын ерекше айтты.

Осыдан екі-үш жыл бұрын елордада қалалық 18 кітапхана болса, одан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша 7 кітапхана ашылды. Қазіргі 25 кітапхананың барлығы толық жаңғыртудан өткізіліп, заманауи талаптарға сай жұмыс істеп жатыр. Бүгінде қалалық кітапханалардың тұрақты оқырмандары саны 100 мыңға жетті. Биылғы меже – олардың санын 100 мыңнан асыру. Оған толық мүмкіндік бар, себебі, қала тұрғындарының саны да артып келе жатыр. Қалалық кітапханалардың кітап қоры да өсіп келе жатыр. Бүгінде қор 850 мыңнан асты. Сирек кездесетін, құнды кітаптарды да алдырып, оларды цифрландырып, көпшілікке ұсыну жоспарланған. Қала әкімінің орынбасары Есет Байкен осыны атап өтіп, Президенттің бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасына тоқталды.

«Мұның барлығы біздің болашағымыздың нық болуы, білімге, ғылымға деген құштарлықтың артуы үшін жасалып отыр» деп сөзін түйіндеген Есет Байкен кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов «кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген мақалды еске сала келе, озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен білімге айрықша көңіл бөлу керектігін, сонда ұлы көштен қалмайтынымызды айрықша айтты. Осы істе Астана аймақтарға үлгі болып отырғанын, соның бір үлкен дәлелі Еуразиялық кітап көрме-жәрмеңкесінің өтіп жатқанын атап өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай кітапты сүйіп оқып қана емес, оны насихаттау керектігіне тоқталып, кітап оқуға келгенде балаға, ұрпаққа ата-ана үлгі көрсету қажеттігін айтты. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің «Кітап оқудан қалсақ, ойлаудан да қаламыз», авар ақыны Расул Гамзатовтың «Өзімізді тану үшін кітап керек, өзгені де тану үшін кітап керек» деген сөздерін жаңғыртып, кітапқа құрметтің маңызын жақсы ашты. Бұл тұрғыда әлемдік тарихтағы Александрия, Отырар кітапханаларының алатын орнына тоқталды. Балаларға арналған кітаптарды көбейту керектігін айрықша айтты.

Салтанатта бірқатар аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, «Үздік отбасылық оқырман» —  №4 көпшілік кітапханасының оқырманы Әділбектер отбасы, «Кітапқұмар студент» — №6 көпшілік кітапханасының оқырманы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студентті Нұрислам Наметқұл, «Креативті оқырман» — №10 көпшілік кітапханасының оқырманы Данила Қаскелен, «Ең үздік бала оқырман»  — жылына 170 кітап оқыған №4 балалар кітапханасының оқырманы Дамирхан Шубаев, «Жылдың үздік оқырманы» М.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханасының үздік оқырманы Ғалымбек Шағыров, «Кітапхана жанашыры» — кітапханаларға өз үлестерін қосып, мәдени іс-шараларды бірге өткізіп жүрген Айша Мадкенова, Бақытжамал Кәрібаева, Бибіжан Рүстемова марапатталды.

Іс-шара аясында ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына отандық және әлемдік әдебиеттің жаңа басылымдары мен сирек кітаптар, мерейтойы биылға түсіп тұрған қаламгерлердің шығармалары ұсынылды. Көрмеге қойылған кітаптар саны 300 данадан асты. Мерекелік концерт ұйымдастырылып, «Жошы» этноансамблі, Өзгеріс Шерікбай, отбасылық жұп Әкімхан Мәженов пен Ақбота Құснадин, Құралай Мейрамбек, т.б. әншілер өнер көрсетті.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button