Газдандыру – тұрмыс сапасын жақсартты

Елорданы және қала маңайындағы тұрғын алаптарын газбен жабдықтау жұмысы үздіксіз жалғасып жатыр. Соңғы жылдары газ инфрақұрылымын жаңғырту қарқыны күшейіп, елордадағы жылу-электр орталықтары да газ қуатымен қаланы жылумен жабдықтауды жүзеге асырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етіп отыр.
Міне, елордада жылыту маусымы сәтті аяқталды. Бұл – табиғи газ саласы мамандарының жүйелі жұмысының маңызды көрсеткіші. Осыған байланысты газ инфрақұрылымы нысандарына арналған пресс-тур барысында «QazaqGazAimaq» АҚ қызметкерлері 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымын қамтамасыз еткен негізгі жобалармен таныстырды.
Жалпы, Астана өндірістік филиалының қарамағында жалпы ұзындығы 2 278 шақырым газ тарату желісі бар. Оның ішінде 807 шақырымы Астана қаласына, ал 1 471 шақырымы Ақмола облысына тиесілі.
Соңғы жылдары желілерді кеңейту мен жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Тек 2025-2026 жылдары 980 шақырым газ құбыры іске қосылып, 4 газ реттеу пункті, 104 шкафтық пункт және 277 жеке шкафтық пункт пайдалануға берілген. Бұл жүйенің өткізу қабілетін арттырып, қысқы кезеңдегі жоғары жүктеме кезінде тұрақты газ жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

«Жылыту маусымының тұрақты өтуі – компания жұмысының басты басымдығы. Инфрақұрылымды дамыту және желілердің қуатын арттыру бойынша жүргізілген жұмыстар ең жоғары жүктемелер кезінде де газдың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етті» дейді Астана өндірістік филиалының директоры Ержан Балабеков. Оның айтуынша, бүгінде «Көктал-1», «Көктал-2», «Агрогородок», «Интернациональный», «Мичурин», «Күйгенжар», «Железнодорожный», «Промышленный», «Оңтүстік-Шығыс», Потанин көшесі маңы, «Үркер» (ішінара), «Family Village», «Тельман», «Кирпичный» және «Шұбар» тұрғын алаптары газбен қамтылған.
Табиғи газ ТЭЦ-1, ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3 сияқты стратегиялық маңызды нысандарда, сондай-ақ «Оңтүстік-Шығыс» пен «Тұран» газ жылу станцияларында қолданылады. Бұл елорданың жылумен қамтылу тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Агломерацияны газдандыру да жылыту маусымының сәтті өтуінде маңызды рөл атқарды. 2024-2025 жылдары 9 елді мекен газға қосылса, 2025-2026 жылдары Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Қоянды және Қараөткел сияқты ауылдар мен тұрғын алаптарда жобалар жүзеге асырылды. Бұл тұрғындарға қолайлы әрі экологиялық таза отын түріне көшуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, елорда іргесіндегі Қосшы қаласында да газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Алғашқы іске қосу кезеңінде 7 800 отбасы табиғи газға қол жеткізсе, биыл 10 мыңнан астам тұтынушыны қамту көзделуде.
Пресс-тур барысында жаңадан көгілдір отын берілген аудандардың да жұмысымен танысуға мүмкіндік болды. Мәселен, «Тельман» тұрғын алабында газ 2025 жылдың қазан айында берілген. Мұнда желілердің жалпы ұзындығы 21 шақырымнан асады. 308 отбасы газға қол жеткізіп, олардың 158-і қазірдің өзінде қосылған.
– «Тельман» тұрғын алабы Есіл ауданында орналасқан. Жұмыстар екі кезеңмен жүргізілді. Газ жеткізуші құбыр қалалық энергетика басқармасымен бірлесіп салынды, ал ішкі желілер компанияның инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Екі газ реттеу пункті орнатылып, әрқайсысы шамамен 300 үйді қамтуға қауқарлы. Болашақта бұл желі 500-600 үйге дейін есептелген. Жүйе сақиналы түрде салынғандықтан, апат болған жағдайда газ екі бағыттан беріледі. Сонымен қатар, біз заманауи технологияларды, оның ішінде газдың ағып кетуін анықтайтын лазерлі дрондарды қолданамыз, – дейді Ержан Балабеков.
Тағы бір ірі жоба – «Шұбар» тұрғын алабын газдандыру. Бұл жоба 2026 жылдың қаңтарында іске қосылды. Желілердің ұзындығы 38 шақырымнан асып, 890 абонент газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Қараөткел ауылында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мұнда газ реттеу пунктінің өткізу қабілеті сағатына 11 мың текше метрге дейін жетеді екен. Жалпы жоба 2,4 мыңнан астам абонентті қамтиды. Осы ауылдың тұрғыны Айдос Иповтың айтуынша, табиғи газға қосылу өмір сапасын айтарлықтай жақсартқан. «Бұрын көмір жағып, көп қиындық көретінбіз. Қазір газдың арқасында үйіміз әрдайым жылы. Айына шамамен 25 мың теңге жұмсаймыз әрі тамақты да газбен пісіреміз. Үй іші жайлы, балалар еденде еркін ойнайды» дейді қуанып.
Ал Қараөткелде жоспар бойынша іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланғанымен, жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталып, 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 2,87 млрд теңгені құрайды.
Пресс-тур аясында «Тұран» газ жылу станциясы да таныстырылды. Бұл нысан жаңа аудандарды жылумен қамтуда маңызды рөл атқарады. Станция 10 су қыздыру қазандығымен жабдықталған, ал газ тұтыну көлемі сағатына 80 мың текше метрге дейін жетеді.
«Нысан 2023 жылдың соңында салынды. Қазіргі таңда 6 қазандық жұмыс істеп тұр, тағы 4-еуі іске қосу кезеңінде. Жалпы жылу қуаты – сағатына 600 гигакалория. Бұл станция Нұра және Есіл аудандарының бір бөлігін жылумен қамтамасыз етеді» деді станция басшысы Талғат Чубаев.
Жалпы, компания өкілдерінің айтуынша, газдандыру жобаларын әрі қарай дамыту нәтижесінде тағы 10 мыңнан астам тұтынушыны қосу жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға да ықпал етеді.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ



