«Ғылымдағы қазақ тілінің қолданысы» республикалық семинары өтті
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен және «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ қолдауымен медицина мен ветеринария саласындағы мемлекеттік тілдің рөлін нығайтуға арналған республикалық семинар ұйымдастырылды. Шара Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды. Семинар еліміздің медицина және денсаулық сақтау бағытындағы ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарынан жиналған 80-нен астам маманның басын қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға республикалық деңгейдегі 20-ға жуық жетекші мекеме, соның ішінде Астана медицина университеті, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты, Семей медицина университеті, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы және Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының өкілдері қатысты.
Жиын барысында ғылыми терминдердің қазақ тілінде қолданылу заңдылықтары мен мемлекеттік тілдегі ғылыми еңбектердің сапасы кеңінен талқыланды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Алдангорова өз сөзінде салалық терминологияны жүйелеудің құқықтық және практикалық мәселелеріне тоқталды. Семинар модераторы, Холдинг Бас директорының ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары Аралбек Рсалиев бүгінде ғылыми құжаттар мен есептердің екі тілде қатар әзірленетінін және бұл бағытта мемлекеттік тілдің үлесін арттырудың маңыздылығын баса айтты.
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры Қуандық Жүгінісов өз баяндамасында ғылым тілі мазмұн тереңдігін және терминологиялық ұғымдарды дәл қолдануды талап ететінін жеткізді. Ол www.termincom.kz базасында тіркелген 379 465 терминнің 31 611-і Мемлекеттік терминология комиссиясымен бекітілген негізгі қолдану бірліктері екенін атап өтті. ҚазҰМУ профессоры Марал Ерғазина «Ғылым тілін қазақшаландыру мәселелері» атты сөзінде Халел Досмұхамедов пен Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы қанатты сөздерін тілге тиек етті. Профессор Жауғашты Ахметов Х. Досмұхамедұлының ғылыми терминологияны қалыптастырудағы алғашқы оқулықтарының тарихи маңызына тоқталды.
Семинардың маңызды бөлімі еліміздің ірі жоғары оқу орындарындағы ғылыми мақалалардың тілдік үлесін анықтауға арнады. Баяндамашылар, атап айтқанда Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ Бас директоры Қуандық Жүгінісов пен ҚазҰМУ профессоры Марал Ерғазина отандық ғылыми мақалалардағы қазақ тілінің үлесіне қатысты статистикалық мәліметтерді ұсынып, ғылыми ортадағы тіл саясатының ағымдағы жағдайына талдау жасады.
Ұсынылған статистикалық мәліметтерге сәйкес, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (2004 ж. дерегі) мақалалардың 50%-ы ағылшын тілінде, 37,5%-ы орыс тілінде болса, қазақ тіліндегі мақалалар үлесі небәрі
12,5%-ды құраған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да (2025 ж. болжамды дерегі) ағылшын тілі 60%-ға дейін басым болса, қазақ тілінің үлесі 13,3%-ды көрсеткен. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде (2023 ж.) орыс тіліндегі мақалалар үлесі жоғары (60,8%), ал қазақ тіліндегі мақалалар ең төменгі көрсеткіштердің бірінде (4,4%) тұр. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде (2025 ж.) қазақ тіліндегі мақалалар үлесі 22%-ға жеткен. Бұл көрсеткіштер ғылыми ортада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту қажеттілігін нақты дәлелдейді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар ғылымды қазақыландыру бағытында нақты ұсыныстар берілді. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу мәртебесі бар университеттер мен институттар үшін ғылыми жұмыстардың белгілі бір мөлшерін мемлекеттік тілде жазу талабын қою, қазақ тіліндегі мақалалар мен диссертациялар, сондай-ақ пікір берушілер үшін KPI жүйесі мен бір реттік ынталандыру шараларын (процентиль, квартиль) енгізу ұсынылды.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық университеттер жанындағы Терминологиялық комиссиялардың өкілеттігін кеңейту, медициналық және биологиялық қауіпсіздік терминдерін біріздендіру, сондай-ақ өзге ұйымдардағы мемлекеттік тілдегі мақалаларды «QazBioPharm» ұлттық холдингі базасындағы ғылыми журналдарда басып шығару мүмкіндігін қарастыру арқылы сабақтастықты қолдау қажеттілігі айтылды.
Жиын соңында ғылыми айналымдағы қазақ тілінің аясын кеңейтуге атсалысқан семинар қатысушылары алғыс хаттармен марапатталды.





