Әлеумет

Астанада 200-ге жуық цирк қызметкері сенбілікке шықты

Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қалалық цирк ұжымы сенбілікке белсене қатысты. Іс-шараға 200-ге жуық қызметкер жұмылдырылып, мекеме аумағында және оған іргелес кеңістіктерде тазалық жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Сенбілік барысында аумақ қоқыстан тазартылып, санитарлық тазалау және абаттандыру шаралары жүзеге асырылды. Ұжым қызметкерлері цирк ғимаратының сыртқы аумағын ретке келтіріп, тазалық пен тәртіпті сақтауға үлестерін қосты.

Астаналық цирк қызметкерлерінің пікірінше, мұндай бастамалар ұжым үшін бір реттік сенбілікпен ғана шектелмей, күнделікті өмір салты мен еңбек мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып келеді.

«Қуантатыны – тазалық мәдениеті қоғамымыздың күнделікті өмір салтына біртіндеп айналып келеді. Бүгінде адамдар қоршаған ортаға, қоғамдық кеңістікке және ортақ мүлікке ұқыпты қараудың маңызын тереңірек сезіне бастады. Бұл – қоғамдағы оң өзгерістің нақты көрінісі.


Цирк аумағы елордадағы көрікті әрі адам көп шоғырланатын мәдени кеңістіктердің бірі болғандықтан, оның таза әрі ұқыпты болуы ерекше мәнге ие. Осы ретте тазалықты сақтау ғана емес, қоғамдық мүлікті бүлдіру, вандализмнің алдын алу да маңызды. Ортақ кеңістікке жанашырлықпен қарау – әр азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші.

«Таза Қазақстан» бастамасының мәні де осында. Бұл тек аумақты тазалау емес, азаматтарымыздың сана-сезімі мен жан дүниесінің тазалығы, туған қаласына және еліне деген құрметі. Осындай көзқарас қоғамда берік орныққан сайын, қаламыздың да келбеті көркейе түседі», – деді Астана циркінің бас директоры Жаудыр Айболат Жанғалиұлы.

Айта кетейік, қала бойынша тазалық және абаттандыру акциялары жүріп жатыр. Экологиялық акцияға қала тұрғындары, кәсіпорын өкілдері, МИБ (ПИК), шағын және орта бизнес, еріктілер және белсенді азаматтар белсене қатысуда.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button