Құқық

Студенттерге есірткі қылмысының салдары телекөпір арқылы түсіндірілді

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің студенттері үшін есірткі қылмысының алдын алу іс-шарасы өтті. Атап айтқанда, елордадағы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №64 мекемесінен телекөпір ұйымдастырылып, есірткі тұтыну мен тасымалдау салдары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға қалалық құқыққорғау органдарының өкілдері қатысып, нашақорлықтың жастар болашағына балта шабатын қасірет екенін түсіндіруге тырысты. Астана қаласы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Нұртас Дүйсембаев көбіне жастар есірткі қылмыскерлерінің басты нысанасына айналатынын өкінішпен жеткізді.

– Кейбірі интернет, мессенджер, жалған хабарландыру арқылы жеңіл табыс көзін ұсынып, алдап шақырады. Бірқатары есірткі таратуға тартып, тез ақша табуды уәде етіп, сол үшін жазасыз қалатынына сендіреді. Алайда бұл іс жүзінде жастардың жарқын өмірінің бүлінуіне, түбі бас бостандығынан айырылуына әкеледі. Ең тиімді қорғаныс – білім, сыни ойлау және нақты құқықтық ұстаным, яғни ондай өмірге аяқ баспау, көрген жағдайда үнсіз қалмау, жеңіл пайдаға сенбеу және ермеу, – деді Н.Дүйсембаев.

Астана қалалық ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Жандос Сейтенов есірткі қылмысының кең таралған тәсілдері және қылмыскерлердің құрбаны болмаудың жолдары жөнінде нақты мысалдарды келтіре отыра баяндады.

– Қылмыстың 80 пайызы адамдардың есірткі пайдаланған және ішімдік ішкен мас күйінде жасалады. Адамның қалыптасуына үш фактор әсер етеді. Бірінші – шыққан тегі, екінші – алған тәрбиесі, үшінші – араласатын ортасы. Соның ішінде ортаның алатын маңызы зор. Менің ақылым, араласатын ортаңыздың қандай екеніне өте қатты мән беріңіз. «Егер сіздің төрт дәулетті досыңыз болса, бесінші бай сіз боласыз» деген сөз бар. Сол тегін сөз емес. Жақсы, дұрыс ортада жүру керек. 2025 жылы Астанада есірткі қылмысына қатысты жасөспірімдер арасында 19, ел бойынша 54 қылмыстық іс қозғалды. Бұл – үлкен көрсеткіш, – дейді Ж.Сейтенов.

Жиын соңында Астана қаласындағы ІІМ Қылмыстықатқару жүйесі комитетінің №64 мекемесінен тікелей телекөпір ұйымдастырылып, есірткі қылмысы бойынша жазасын өтеушілер басынан өткен оқиғасын айтып берді және жастарды олардың қателігін қайталамауға шақырды. Мәселен, сотталғандардың бірі өз ортасының ықпалына түсіп, тез табыс табуға ұмтылу салдарынан есірткі заттарын таратуға келіскенін айтты. Кейін бұл әрекет оның қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылуына әкеліп, болашақ тағдыры мен өмірлік жоспарына елеулі әсер еткен. Телемост қорытындысы бойынша қатысушылар тікелей диалог форматы мен практикалық бағыттағы тәсіл профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыратынына сенім білдірді. Мекеме бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Д. Төлепбергенов  те жастар арасындағы есірткі қылмысының алдын алу шараларына тоқталды. Елорда прокуратурасы жыл соңына дейін осындай профилактикалық іс-шаралармен қаланың барлық жоғары оқу орындарын қамтуды жоспарлап отыр.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button