Ел тынысыСаясат

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлы тұлғаларды ұлықтау жұмысына тың серпін беру аса маңызды»

Мемлекет басшысы Ғылым қызметкерлері күнінде ғалымдарды марапаттады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең танып, кеңінен дәріптеп, барынша дамытқан жөн екенін атап өтті.

«Біз зияткерлік мұрамызды мақтан тұтамыз. Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай сынды ғұламаларымыз соңына сарқылмас рухани қазына қалдырды. Олардың еңбектері әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына кіреді. Данышпан бабаларымыздың баға жетпес туындыларын заман талабына сай кәдеге жарата білуіміз керек. Ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең танып, кеңінен дәріптеп, барынша дамытқан жөн. Ұлы тұлғаларды ұлықтау жұмысына тың серпін беру аса маңызды. Түркістан төрінде «Қожа Ахмет Ясауи» ордені туралы көтерген бастаманың мәні де – осында. Сондай-ақ былтыр Ясауи ілімін зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өтті. Жалпы, бәріміз әйгілі Қожа Ахмет Ясауиді бірегей ғұлама ғалым әрі өркениеттанушы ретінде еліміздің әрбір аймағында және шетелде де кеңінен дәріптеуіміз керек. Сонымен бірге оның құндылығы аса зор бай мұрасын өзіміз де барлық тұрғыдан жан-жақты зерттеуіміз қажет. Осы өнегелі дәстүр биыл әл-Фараби форумына ұласады. Мұндай тағылымы мол, ғылыми мәні зор басқосулар жыл сайын өткізіліп тұрады», — деді Президент.

Президент «Әл-Фараби» орденін енгізуді ұсынды

«Бүгінгі салтанатты жиында тағы бір жақсы жаңалықты жариялағым келеді. Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын білесіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің орны ерекше. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылатын болады», — деді Президент.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button