Елордада «Цифрлы мектеп» жобасы жүзеге асырылды
Елордалық оқушы оқу үдерісін заманауи талаптарға сай жетілдіретін жоба ойлап шығарды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астана қаласындағы Шейх Халифа бен Зайд әл-Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейінің 9 «А» сынып оқушысы Алдияр Бекжан «Цифрлы мектеп» жобасын жүзеге асырды. Бұл жоба оқу үдерісін заманауи талаптарға сай жетілдіріп, білім сапасын арттыруға бағытталған.
«Цифрлы мектеп» – ақпараттық технологиялар мен білім мазмұны кіріктірілген біртұтас жүйе. Жоба аясында дәстүрлі оқыту әдістері цифрлық платформалармен толықтырылып, интерактивті контент кеңінен қолданылады. Соның нәтижесінде қағазбастылық азайып, оқу үдерісін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік туады.
«Жас оқушының бастамасы мектеп қабырғасында-ақ инновациялық ойлау мен технологиялық шешімдердің тиімді үлгісін көрсетіп отыр», – дейді мектеп басшысы Самал Ботаханқызы.
Жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – интерактивті оқулықтар мен оқытуды басқару платформасының (LMS) енгізілуі.
Оқушылар 3D модельдер, бейнедәрістер және анимациялық тапсырмалар арқылы білімін тереңдетсе, мұғалімдер оқу процесін тиімді ұйымдастырып, тапсырмаларды онлайн қабылдап, жедел бағалай алады. Сонымен қатар, робототехника, жасанды интеллект және виртуалды зертханалар күрделі пәндерді тәжірибелік тұрғыда меңгеруге жол ашады.
Жоба аясында Big Data аналитикасы да маңызды рөл атқарады. Ол әр оқушының үлгерімін саралап, жеке қабілеті мен білім деңгейіне сәйкес оқу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл оқушылардың дербес дамуына жағдай жасап, олардың цифрлық сауаттылығын арттырады.



