ӘлеуметБасты ақпарат

Ою-өрнек – ұлттың генетикалық коды

Бүгінде қазақ қоғамында ұлттық бірегейлікке деген бетбұрыс ерекше. Кеше сахна киімі саналған шапандар бүгін кеңсе мен күнделікті өмірдің сәніне айналды. Осы көштің басында тұрған, 30 жыл бойы ұлттық оюдың «әліппесін» зерттеп, оны отандық сән трендіне айналдырған танымал этнодизайнер, Hazifa ethno брендінің авторы Қазипа МҰХАМЕТҚАЛИМЕН сұхбаттасқан едік.

– Қазипа Қалиқызы, сіздің есімі­ңіз ұлттық сән өнерінде брендке айналды. Бәрі неден басталды? Бұл салаға қалай келдіңіз?

– 30 жыл бұрын бәрі бүгінгідей да­йын емес еді. Ол кезде ұлттық киім тек Наурыз мейрамында немесе сахнада ғана киілетін. Бірақ мен оюдың бо­йындағы құдіретті сезіндім. Мен үшін ою-өрнек жай ғана әдемі сызықтар жиынтығы емес, ол – бабалардың бізге қалдырған аманаты, тұтас бір тіл мен философия. Осы уақыт ішінде мен оюды жай ғана сән элементі ретінде емес, композиция тұтастығы, мағынаның тереңдігі ретінде зерттедім. Ұлттық қолөнерді заманға бейімдеу – өмірлік миссиям.

– Шығармашылық қоржыныңыз­да 1000-ға жуық авторлық ою-өрнек барын білеміз. Мұншама дүниені қалай жүйеледіңіз?

– Иә, бұл – 30 жылдық үздіксіз ізденістің жемісі. Мен әр оюды заман талабына сай жаңаша түрлендіріп, композициялаймын. Оларды тек киімге ғана емес, мата дизайнына, үй ин­терьеріне, тұрмыс бұйымдарына енгізіп жүрмін. Мақсатым – қазақ оюының әр үйде, әр адамның күнде­лікті өмірінде болғаны.

– Сізді «ұлттық сәнге инновация әкелген жан» деп айтады. Нақты қандай жаңашылдықтарды алғаш болып енгіздіңіз?

– Мысалы, көйлек тігуде органза мен сетка материалдарын ұлттық нақышпен үйлестіруді алғашқылардың бірі болып бастадым. Бұл маталардың жеңілдігі мен оюдың салмағы ерекше эстетика береді. Сондай-ақ 100-ден астам бұйымнан тұратын кестеленген үй жабдықтарының үлкен топтамасын жасап шығардым. Бұл – бұрын-соңды болмаған, аналогы жоқ жоба. Қазір менің авторлық композицияммен басылған маталарға сұраныс өте жоғары. 70-тен астам киім үлгісі, 50-ден аса мата дизайны жасалды және олардың ешқайсысы бірін-бірі қайталамайды.

– Өндіріс жайына келсек, маталарыңызды Түркияда дайындататыныңызды айттыңыз. Отандық жеңіл өнеркәсіптің әлеуеті бұған жетпей ме?

– Өкінішке қарай, солай. Бізде ма­таға жоғары сапалы принт жасау, кестелеу және таңбалау әдістері әлі де кенжелеп тұр. Түркияның технология мүмкіндігі жоғары, сондықтан сапа үшін сонда тапсырыс беремін. Бірақ болашақта осындай өндірісті елімізде ашу – басты арманымның бірі.

– Қазипа Қалиқызы, қазір нарық­та ұлттық киім көп, бірақ сапасы мен мазмұны әртүрлі. Осы ретте авторлық құқық мәселесі өзіңізді қаншалықты мазалайды?

– Бұл – өте ауыр тақырып. Көптеген дизайнер дайын оюды интернеттен ала салады немесе өзгелердің еңбегін көшіреді. Менің 1000-ға жуық ою-өрнегімнің әрқайсысы – авторлық туынды. Олардың композициясы, пропорция­сы, сызықтарының үйлесімі заңмен қорғалған. Өкінішке қарай, «ұлттық мұра бәріне ортақ» деген желеумен авторлық еңбекті меншіктеп алатындар кездеседі. Бірақ ұлттық мұра ортақ болғанмен, сол мұраны жаңаша өңдеп, дизайн жасаған адамның еңбегі – жеке меншік. Біз әрбір үлгімізге авторлық куәлік алып, құқық жағынан қорғап отырамыз. Өз қолтаңбаңды қалыптастыру үшін жылдар керек, ал оны біреудің рұқсатсыз иеленуі кәсіпкерлік этикаға жатпайды.

– Мемлекет тарапынан этно­дизайнерлерге, ұлттық қолөнерді кәсіпке айналдырған жандарға қолдау сезіле ме?

– Соңғы жылдары серпін бар. Дегенмен бізге тек гранттар мен көрмелер емес, жүйелі инфрақұрылым қажет. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпті жандандырып, мата шығаратын зауыттарды заманауи техникамен жабдықтаса, біз Түркияға ақша төлемес едік. Сондай-ақ ұлттық киім өндірушілерге салық жеңілдігі немесе «Қазақстанда жасалған» брендін әлемдік нарыққа шығарудың нақты тетігі болса, біздің мүмкіндігіміз бұдан да зор болар еді. Ұлттық бренд – елдің имиджі, сондықтан осы салаға стратегиялық инвестиция ретінде қарау керек.

– Бүгінде «Айдай», «Айжұлдыз», «Батыр» сынды топтамаларыңыз ел аузында. Халықтың талғамы қалай өзгеріп жатыр?

– Қазір халықтың ұлттық санасы өсті. Бұрын «шапан кию ұят емес пе?» дейтіндер болса, қазір «қайдан алсам болады?» деп іздейді. Әсіресе жастар үшін заманауи бомберлер мен жилеттерді ұлттық нақышта шығардық, бұл бағыт нағыз хитке айналды. Ал ерлерге арналған «Айбат», «Еркін» сериялары – ресми кездесулердің сәні.

– Сіздің киімдеріңізді киіп қана қоймай, сол арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандар да бар екен…

– Иә, біз тек тікпейміз, біз тәрбие­лейміз де. Жоғары оқу орнының дизайн кафедраларымен серіктеспіз, студенттер бізден тәжірибе алады. Сонымен қатар киімдерімді сатып алып, өз өңірінде бренд ретінде дамытып отырған кәсіпкерлер де бар. Қазір франшиза жүйесіне көшу жұмысын бастап жатырмыз.

– Бизнестегі әйелдің рөлі туралы пікіріңіз қандай? Сән мен бизнесті қатар алып жүру қиын емес пе?

– Әйел табиғатынан эстетикаға жақын. Сондықтан әйелдер бизнеске тек ақша емес, жылу мен сапа әкеледі. Қазіргі қоғамда әйел тек отбасының ұйытқысы емес, мықты стратег, жауапты кәсіпкер екенін дәлелдеді. 30 жылдық тәжірибемде ұқыптылық пен шыдамдылық кез келген қиындықты жеңетініне көзім жетті.

– Ұлттық мұраны ұлықтау жолындағы еңбегіңіз жана берсін!

 Сұхбаттасқан

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button