
«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттерімен «ашық диалог» форматында кездесу өтті. Оны Алматы ауданы прокуратурасының қызметкерлері ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға 300-ден астам студент қатысты. Кездесу бейресми жағдайда өткізілді – бұл сенімге негізделген қарым-қатынас орнатудың, сондай-ақ прокурордың тек формадағы тұлға емес, тыңдауға және түсінуге дайын адам екенін көрсету тәсілі болды. Қызметкерлер студенттермен өздерінің өмір жолы, жұмысындағы жетістіктері туралы әңгімелесіп, жастарды армандарынан бас тартпауға, өз күштеріне сенуге және еңбекқор болуға шақырды.

Сонымен қатар лекция барысында қылмыстық алаяқтық жолдарға тартылу мәселесі, буллинг, есірткі қылмыстары және басқа да құқық бұзушылықтар бойынша жаза видеороликтер арқылы көрсетілді.
Жиын соңында студенттер қызықтырған сұрақтарын қойып, прокуратура қызметкерлерімен ашық әңгіме жүргізді.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіну, сонымен қатар заң мен тәртіпті сақтау арқылы белсенді азаматтық позицияны нығайту.



