Әлеумет

Астанада Наурыздың тарихи және ғылыми мәні талқыланды

Астана қаласындағы «Достық үйінде» Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тарих пен заманауи ғылыми көзқарасты тоғыстырған «Наурыз – дәстүр мен ғылым үндестігі» атты халықаралық ғылыми-этнографиялық, мәдени-танымдық конференция өтті. Іс-шараны «Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» ММ және «Астана қаласының Мемлекеттік архиві» ұйымдастырды.

Конференция шымылдығы театрландырылған «Амал мерекесі» көрінісімен ашылды. Ұлттық киім киген архив қызметкерлері көрісу дәстүрін сахналап, ақжарма тілектерін білдірді. Қонақтарға бауырсақ пен наурыз көже ұсынылды. Шара барысында «Наурыз – архив деректерінде» атты көрме ұйымдастырылып, қонақтар Астана қалалық Мемлекеттік архивінің сирек кездесетін құжаттарымен танысты.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев ұлттық тарих пен этнография тұрғысындағы зерттеулерін ұсынса, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов қазақы таным мен сөз өнеріндегі Наурыз мерекесінің ерекшелігіне тоқталды. Ал публицист-жазушы Алдан Смайыл мерекенің қоғамдық-мәдени маңызы туралы баяндады.

Тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Әбсеметов Марат Оралбайұлы Алаш қайраткерлерінің Наурыз мерекесінің ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді сақтаудағы маңыздылығы жөніндегі көзқарастарына тоқталса, мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали «Наурызнама» жаңа тұжырымдамасының ерекшеліктерін түсіндірді.

– Наурыз – байырғы көшпенді жұрттың, Көк Түріктердің ең ұлық мейрамы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз өз шежірелерінде осылай жазады. Түркі халықтарына ортақ ең басты мейрам болғандықтан, Астана қаласының әкімдігі, Архив ісі және тілдерді дамыту басқармасы мен біздің мекеме бірлесіп ғылыми-танымдық конференция өткізіп отыр. Мақсат – елімізде жыл сайын жоғары деңгейде аталып өтіп, бағзы заманнан келе жатқан бай мазмұнына қайта жақындап келе жатқан ұлық мерекенің мәнін тереңірек ашу. Наурызда күн мен түн теңеседі, ғарышта, галактикада, жұлдыздар арасында да өзгерістер болады. Конференция тақырыбы айтып тұрғандай, оның тарихи мағынасы мен үзілмеген дәстүр сабақтастығын көрсету көзделіп отыр. Біз Әз Наурызды ұлықтау арқылы тарихи тамырымызға ораламыз, Тәуелсіздігімізді нығайтып, ұлттық рухымызды бекемдейміз. Жас буынның жан дүниесін ұлттық негізге бағыттап, аға буынның тағылымына құлақ түріп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей береміз, – деді Астана қаласы Мемлекеттік архивінің маманы, жазушы Ұларбек Дәлейұлы.

Бұл басқосу архив пен ғылымның, салт-дәстүр мен заманауилықтың тоғысқан бірегей алаңына айналды.

Асантемір Қаршығаұлы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button