Әл-Фараби атындағы Оқушылар Сарайында еліміздің жаңа Конституция жобасын түсіндіру және талқылауға арналған кездесу ұйымдастырылды. Жиынға жастар ұйымдары, депутаттар, заңгерлер және қоғам қайраткерлері қатысты.
Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар жаңа Конституцияның ел дамуына әсері туралы өз пікірлерін білдірді. Астана қаласы мәслихатының депутаты Бауыржан Тілеубергенұлы еліміздің технологиялық, ғылыми және білім беру салаларындағы жетістіктерін атап, жаңа Конституцияның осы күштілікті одан әрі нығайта түсетінін айтты.
«Елорда ақпарат» ЖШС директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Сыдықбек бұрынғы Конституция өз міндетін атқарғанымен, жаңа заманға жаңа Конституция қажет екенін және құжат қоғам мен биліктің бірлесе жұмыс істеуіне жол ашатынын жеткізді. Ол референдумға қатысу әр азаматтың құқықтық және азаматтық жауапкершілігі екенін де атап өтті.

«Әр заманның өз Конституциясы болады. Бұрынғы Конституция өз міндетін атқарды, бірақ жаңа заманға жаңа Конституция қажет. Ғалымдар, заңгерлер, депутаттар мен қоғам қайраткерлері бірлесе отырып, құжатты жетілдіріп, талқыға салды. Енді 15 наурыздағы референдумда жаңа Конституцияға дауыс беру — әр азаматтың құқықтық және азаматтық жауапкершілігі. Бұл — мемлекетке, қоғамға және өзімізге сенімділікті көрсету», деді Олжас Дәуренұлы.
«Қазақстан жастары конгресінің» атқарушы директоры Бағдаулет Жәнділдаев волонтерлік қызметті қолдау, ер мен әйелдің тең құқығы, отбасылық институтқа құрмет және әр азаматтың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық көрсету сияқты жаңа нормаларды атап, олардың жастардың азаматтық белсенділігін арттыратынын, қоғам тұрақтылығын күшейтетінін айтты.

«Көп жастарымыз волонтерлікпен айналысады, ал мемлекет волонтерлерге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жаңа Конституцияда ер мен әйелдің тең құқығы, отбасылық институтқа деген құрмет, сондай-ақ әр азаматтың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық көрсету міндеті бекітілген. Бұл — азаматтық белсенділіктің, ұлттық құндылықтарды қолдаудың және қоғамның тұрақтылығының маңызды кепілі», деді Бағдаулет Болатұлы.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Астана қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев және Maqsut Narikbayev University профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Әлия Оразбаева жастарға жаңа Конституциядағы құқықтық жаңғырулар мен азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін кеңінен түсіндірді.
Кездесу жастарға жаңа Конституцияның мәнін, қоғамдағы құқықтық жаңғыру мен азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын көрсету мақсатында ашық және мазмұнды форматта өтті.



