Басты ақпаратРуханият

Бала Қабдеш қандай болды?

досы Мұхаметқазы Мұхамедиұлы жазушы жайлы сыр шертті

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш ­Жұмаділовтің 90 жылдығына орай оның бала күнгі досы, тарихшы-этнограф Мұхаметқазы Мұхамедиұлымен сұхбат құрдық. Әңгіме барысында жазушының балалық шағы, қиын кезеңдері мен тұлғалық қалыптасуына әсер еткен тарихи оқиғалар жайында кеңінен сөз болды.

– Мұхаметқазы Мұхамедиұлы, Қабдеш Жұмаділовпен алғаш қалай таныстыңыздар? Оның балалық шағы қандай болды?

– Қабдеш 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында дүниеге келген. Малдыбай – үлкен әкесі Үдере бидің қыстағы болған. Соның шыға беріс кең жазығында олардың ата қонысы болды. Қабдеш Малдыбай бұлағының баурайында туса, мен 1937 жылы Жандыбай деген Мыңбұлақтың бойында тудым. Арамыздағы айырмашылық – 1-ақ жас. Қабдеш дүние­ге келген кезде әкесі ат шаптырып, елден сүйінші сұратып, оның атын Қабділәшім деп қойған екен. Оның алдында Қабдірәшид деген баласы шешек ауруынан ба, өмірден өтіп кетеді де, соған ұйқастырып қойған. Ауылдағы ағалары оны Қабдеш деп атап кетті.

– Бала кезінен оның болашақта жазушы болатынын аңғартқан белгілер болды ма?

– Қабдеш бала күнінен сондай зерек, қағылез болды. «Болар бала қонақ жағалайды» демекші, үлкен үй болғаннан кейін, арғы атасы би болғаннан кейін олардың белдеуінен ат кетпеген. Кезінде біздің жақта қонақ үзілмеуші еді. Сол кездерде қонақкәде ретінде үлкендер жағы жас балаларға ертегі, қисса-дастандар, басқа да тағылымды әңгімелер айтып беретін. Қабаң жастайынан сондай тағылымды әңгімелерге құлағы түрік болып өсті. Екінші бір жағдай – оның әкесі Жұмаділ, ұлы әкесі Үдере би сол төңіректе 4 сыныптық мектеп ашқан адамдар. Мектептің жанынан мешіт те ашты.

– Оның мінезіндегі ерекше қасиет­ті қалай сипаттар едіңіз?

– Қабаңның рухының биік болуының себебі біз мектеп оқып жүрген кезімізде 1946 жылы Шығыс Түркістанда үш аймақ қозғалысы деген үлкен ұлт-азаттық төңкерісі болды. Сол көтерілістің жалыны Тарбағатайды шарпыды. Сол жылдары Қабаң екеуміздің рухымызға ұрық басқан нәрсе – сол ұлт-азаттық қозғалысы еді. Ұлт-азаттық армиясының әнұранын жаттап өстік.

1947-1948 жылдары әкелеріміз Шәуе­шек қаласына жиі барып тұратын. Өзі Қазақстанға жақын орналасқан. Онда Алашордашылардың, қазақ интеллигенттерінің ықпалы зор болды. Ол жерге 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде, содан кейін 1932 жылдардағы ашаршылық кезінде жан сауғалап барған қазақтың оқыған зиялы қауым өкілдері бар еді. Мұның да шет жағасынан Қабаң қалған жоқ.

1948-1949 жылдары Шәуешек гимназиясында оқыдық. Онда қазақ балалары, ұлдар бөлек оқыды. Ондағы мұғалімдеріміз де өте білікті еді. Алаш қайраткерлері сабақ берді. Солардың бірі Тұрсын Жарқынбаев еді. Ол Алаштың атты әскерінің офицері болған. Шұбартау жақтан өткен. Кейін ол кісі мектеп директоры болды. Серікбек, Дәуітбек деген білімдар мұғалімдер болды. Олар әдебиет, математика пәндерінен шетінен өте мықты мамандар еді. Сол ұстаздардың алдынан білім алған оқушылар арасында Қабдеш топты жарып, сабақты үздік оқыды.

– Алғашқы шығармашылық қадамдары туралы не айта аласыз?

– Мектептің қабырға газеттері «Қалам», «Ұшқын», «Жас талап» деген атаулармен шығып жатты. 5-сыныптан бастап оқушылар сол қабырға газеттеріне өлеңдерін, басқа да шығармаларын жазып отырды. Сонда Қабаң алғашында өлең жазды. Осында келгеннен кейін 1966 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан «Жас дәурен» деген ең алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді.

1956 жылы Қабаңның «Жамал» деген әңгімесі Шыңжаңда шығатын «Шұғыла» журналында жарияланды. Сол кезде «Шұғыла» журналының редакторы Қажығұмар Шабдан еді. Ол Қытайдың түрмесінде 40 жыл отырып, «Қылмыс» романын жазған. «Тарбағатай» газетінде де Қабаңның өлеңдері шығып тұрды.

Абайды жас күнімізден оқып өстік. Сол кездерде қазақ елінің жазушыларының шығармалары біз жаққа, Шығыс Түркістанға тоқтаусыз келіп тұрды. Қасым Аманжолдың өлеңдерімен сусындадық. Мектепте Алматыдан шыққан оқулықтармен оқыдық. Осының бәрі Қабдештің де, басқа ақын-жазушылардың да тұлға болып қалыптасуына шабыт, жігер берді деп айтуға болады.

Мен одан бір сынып төмен оқыдым. Жетінші сыныпты бітіргеннен кейін мен Үрімжіге кетіп қалдым, ал ол Шәуешекте қалды. Қабаң 1955-1956 жылғы оқу жылында мектепті бітірді. Сол кезде Кеңес Үкіметімен арада байланыс едәуір жақсарып қалған кез еді. Ташкент пен Алматыға 50 баланы оқуға жіберуге Үкімет қаулы қабылдады. Содан Қабдеш пен Мырзахан деген жігіт Алматыға, КазГУ-дің филология факультетіне түсті. Мен ол кезде Шыңжаң университетінің тарих-география факультетін бітіріп, тарих кафедрасында мұғалім болып қалған кезім еді. Сол кезде Қабаңдар Үрімжіге үстіңгі борты ашық жүк көлігімен келді. Ол уақытта автобус деген сирек. Үсті-бастары шаң-шаң. Жүздері бал-бұл жайнап, өте көңілді жүр. Аяғын алшаң басып кеп, мені құшақтай алды. Бойда сағыныш бар. «Ой, Мұқа, мен енді Алматыда оқитын болдым» деді қуанып. Содан 5-6 күн оларды жолға дайындап, арнайы формаларын тіктіріп, ақыры үлкен автобустарға отырғызып жібердік. Қабаң Ташкентке оқуға аттанған балалармен бірге Алматыға кетті. Алматыға барғаннан соң да хат жазысып тұрдық.

Оның әдебиет саласында өсіп-өркендеуіне үлкен демеушілік жасаған сол кездегі Алматыдағы ұстаздары болды. Соның ішінде Мұхтар Әуезов­тің ықпалы зор болды. Мұқаңнан дәріс алды. Тіпті Мұқаңның қабылдауында да болған. Сол қабылдауында болғанын Қабаң маған хат арқылы жазды. Кейінгі кезеңдерде Зейнолла Қабдолов, Мұхамеджан Қаратаев сияқты сыншылар мен әдебиетшілерден сабақ алды. Ауыл-аймақта елдің ескі әңгімелерін, жыраулық әңгімелерді айтып отыратын өткір тілді ақсақалдарымыз болды. Соның бәрін Қабаң құлағына құйып өсті. Кенесарыны жастайымыздан жаттадық.

– Достық қарым-қатынасыңыз туралы есте қалған ерекше сәттер туралы да айтсаңыз.

– 1948 жылдары әкеміз Алматыдан «Қазақ елі» баспасынан шыққан Шығыстағы қазақтарға арнап жазылған Абайдың ең алғашқы кітабынан екеуін алып келіп, біреуін маған, біреуін Қабдешке берген. Менің сол кітабым күні бүгінге дейін үйімде сақтаулы тұр. Ара-тұра оқып қоямын. Ал Қабдеш студент кезінде жоғалтып алыпты. Бір келгенде Қабаң сол кітапты менің үйімнен көріп, көзінің жасын бір сығып алғаны бар.

1957 жылы Мао Цзэдунның халық қайшылықтарын қалай шешу жөніндегі мақаласы жарық көріп, халық тарапынан ашық пікір білдіруге мүмкіндік берілді. Артынша ашық пікір білдіргендерді қудалау басталды. Сөйтіп 1958 жылы 3-курста оқып жүрген Қабаңдар 22 студент қайтарылды. Оларды жауапқа тартты. Содан тыныш отыра алмай, Қабаңның қасына бардым. Сол кезде ол маған: «Алматыға шығарып салғандағы алқа қотан ағайынның бәрі қайда кеткен? Ешкім жоқ қой» деді. «Қаба, басқа пәле тілден деген. Бұл жерде саяси үлкен қозғалыс жүріп жатыр. Енді тіліңе ие бол. Кешке біздің жатақханаға, бөлмеге кел. Өзім күтіп аламын» дедім. Кешкісін қасында Уәли Бекенов деген күйші бар, Төлеубек Жақыпбай бар, үшеуі келді. Толқын жүріп жатыр ғой деп сақтанып, есік-терезені жауып, қараңғылатып қойдым. Қыз балалар дастарханды жайнатып жіберді. Домбыра шертілді. Ешкім естіп қоймасын деп басында Уәли Бекенов ақырындап шертіп отырған. Бір кезде Төлеубек Жақыпбай: «шерткен соң дұрыстап шерту керек» деп домбыраны өзі алып, қаттырақ шертті.

Біреулер отырысымыз туралы тыңшыларға жеткізіпті. Таңертең бізді ұстап, айып тағып, университет алаңына шығарды. «Алматыдан келген ұлтшылмен қандай байланыстарың бар? Не туралы сөйлестіңдер?» деп сұрақтың астына алды.

КСРО-да халық жауы деген желеумен Сібірге айдаса, сол кезде Қытайда «тозақ оты» деген 50-60 градус күйіп тұратын ыстық жақтың құмына апарып, Қабаны еңбекке салды. Сол кезде ол оқудан қалып, көмір шахтасында жұмыс істеді. Шамамен 60-70 метр тереңдікте көмір қазып жүргенін көрдім. Бір күні барсам, «осындай жағдайда өмірмен қоштасатын шығармыз» деді. Үстінің бәрі шаң, қара күйе. Алматыдағы оқуын бітіре алмай қалғанына налыды.

Сол кезде Қытайда саяси жағдай шиеленісіп, баспалар тоқтап қалды. Газет-журнал шықпай қалды. Кейін билік өздерінше атап жүрген «оңшылдарды», «ұлтшылдарды» бақылауда ұстап, соларға мақала жаздыртып, өз аттарымен жариялатпайтын саясат жүргізді. «Шыңжаң газеті» де қатаң бақылауда болды. Қабаң осының бәрін, тарихи оқиғаларды, қилы тағдырларды өзінің кітаптарында жазды.

– Оның шығармаларына арқау болған оқиғалардың куәсі болдыңыз ба?

– Иә, Қабдеш не нәрсені бастан өткерсе, мен де соны көрдім. Жайлау­дағы күндердің бәрін айтуға уақыт жетпейді.

1962 жылы ұлы көш болды. Осы көште Шәуешек төңірегінде отырған 7-8 болыс ел көшіп кеттік. Құлсытайдың арғы жағындағы ағайынның біразы өте алмай, сол жақта қалып қойды. Ал Шәуешек төңірегіндегі халықтың бергі жаққа өтіп кетуіне Қабдештің көшбасшылық жасап, үгіт-насихат жүргізуі себеп болды. Соның арқасында Шәуешек халқы қатты қотарылып, айналасы 10-15 күннің ішінде шамамен 330 мың халық бері қарай шекарадан өтіп кетті. Бұл туралы архив құжаттарында нақты жазылған. Сол көшпен келген қазақтар бүгінде өсіп-өніп, ел ішінде миллионнан асты. Сол көшпен бірге келген балалардың арасынан да небір тұлғалар қалыптасып шықты.

Шекара асқан кезеңдерде де Қабдешпен байланыс үзілген жоқ. Шекарадан өткеннен кейін халықты төрт облысқа, Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Талдықорған облыстарына бөлді. Мен Жарма ауданына тұрақтап, сонда мұғалім болдым. Қабдешті оқуыңды жалғастыр деп, Жаңғызтөбе станциясынан Алматыға шығарып салдық. Барсақ, Рамазан Тоқтаров, Мұхтар Мағауин, Әкім Тарази сияқты азаматтар: «Ой, сені Қытайдың түрмесінде өліп қалды деп ойласақ, аман-есен келген екенсің» деп қуана қауышты. Арада біраз жыл үзіліс болған. Содан Қабаң өзінен жасы кіші студенттермен бірге оқуын аяқтады. Еңбек жолын «Қазақ әдебие­ті» газетінен бастады.

Қабдеш менен кейін екі жылдан кейін, 1965 жылы үйленді. Сондағы тойына шақыру қағазы әлі күнге дейін үйімде сақтаулы тұр. 4 ұл, 1 қызы өмірге келді. Өсіп-өнді.

– Оның қазақ әдебиетіндегі орнына сіз қандай баға берер едіңіз?

– Шығармаларындағы қилы тағдыр­дың бәрін Қабаң біреудің аузынан естіген жоқ, өз көзімен көрді. Кейін «Тағдыр» романында, «Соңғы көште», «Қалың елім, қазағымда», «Атамекенімде», «Қаздар қайтып барады» кітаптарында өзі көрген аянышты да қилы тағдырдың бәрін өзінің суреткерлігімен, көркем тілмен бүкпесіз жазды.

Қабдеш – шындықтан табаны таймаған, жығылмаған жазушы, өз заманындағы халықтың аянышты халін бұл жаққа да жеткізе алған суреткер.

Қабаң: «ақ қағаз – арым, қара сия – қаным» деп отыратын еді. Кейде шығарманы өзің үшін де жазатын кездерің болады. Бірақ Қабдеш Жұмаділов – бүгін үшін емес, ертең үшін, ертеңгі ұрпақ үшін қалам ұстап, Алаштың ұстанымын ұстанған жазушы.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button