Басты ақпаратЕл тынысы

Тақтатас мұнайы – жаңа энергетикалық дәуірге бастар жол

2026 жылғы 2 мамырдың соңында Шымкент қаласындағы Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінде мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, академик, геология-минералогия ғылымдарының докторы Шахмардан Есеновтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстандағы геологиялық барлау ісінің даму эволюциясы: инновациялар мен перспективалар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды ғылыми жиын «САУТС-ОЙЛ» ЖШС, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы және Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясымен бірлесіп ұйымдастырылды. Конференция еліміздің геология, мұнай-газ, инженерия және жер қойнауын пайдалану салаларындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды ғылыми алаңға айналды.

Жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, инженерлер, гео­логтар, мұнай-газ саласының мамандары, ғылыми-зерттеу институттары мен өндірістік компаниялардың өкілдері қатысты. Конференцияның басты мақсаты – академик Шахмардан Есеновтің қазақ геологиясына қосқан тарихи еңбегін дәріптеу, сондай-ақ қазіргі геологиялық барлау ісінің жаңа бағытын, инновациялық әдістерін және болашақтағы даму келешегін айқындау болды.

Пленарлық мәжіліске техника ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері, РОО «ОВНК» кеңесінің төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Ұзақбай Сүлейменұлы Қарабалин төрағалық етті. Ол конференцияның ашылуында Шахмардан Есенов есімі Қазақстан геологиясының тұтас дәуірімен сабақтас екенін, ал бүгінгі ғылыми жиын сол ұлы мектептің жаңа тарихи кезеңдегі жалғасы екенін атап өтті. Оның сөзінде геология саласындағы сабақтастық, ғылыми жауапкершілік және елдің табиғи ресурстарын тиімді игеру мәселелері негізгі ой ретінде көрініс тапты.

Техника ғылымдарының докторы, «САУТС-ОЙЛ» ЖШС президенті, ҚР ҰҒА академигі Серікжан Сейтжанов өз сөзінде отандық мұнай-газ саласының алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталып, Қазақстанда дәстүрлі емес көмірсутек ресурс­тарын, соның ішінде тақтатас мұнайын зерттеу мен игеру ісі стратегиялық маңызға ие бола бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде геология ғылымы мен өндірістің өзара байланысы бұрынғыдан да күшейіп, нақты технологиялық шешімдерге сүйенген жаңа ізденістер қажет.

Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуы ондаған жылдар бойы дәстүрлі кен орындарын игерумен тығыз байланыс­ты болды. Бұл кен орындары ел экономикасының өсу негізіне айналып, оның өнеркәсіптік әлеуетінің қалыптасуына және энергетикалық тәуелсіздігінің нығаюына жол ашқаны да сөзсіз. Бүгін де біз жаңа кезең табалдырығын аттамақ ниеттеміз, яғни ресурс базасын едәуір кеңейтуге және тұрақты дамуға қосымша мүмкіндіктер ашуға қабілетті дәстүрлі емес көмірсутек қорларын игеруге көшу кезеңін бастадық.

Тақтатас мұнайы – қазіргі энергетикадағы мүмкіндігі мол салалардың бірі, әрі технология­лық тұрғыдан күрдегі бағыттардың бірегейі. Бұл тек жаңа өндіру технологиясы ғана емес, жер қойнауын пайдалануға мүлдем жаңа, салалық тұрғыдан өзгеше тәсіл болмақ. Яғни заманауи инженерлік шешімдерді, деректерді талдаудың цифрлық әдістерін және жобаларды кешенді басқаруды үйлестіре отырып жүзеге асады. Әлемнің көптеген елдерінде дәл осы тақтатас жобалары технологиялық инновациялардың дамуына, инвестициялардың келуіне және жаңа өндірістік тізбектердің қалыптасуына серпін беретін негізгі қозғаушы күшке айналып отыр.

Ал Қазақстан үшін бұл бағытты дамыту стартегиялық маңыз­ға ие екенін де атап өткім келеді. Ең алдымен, әңгіме энергетикалық саласын әртараптандыру және елдің ресурс­тық қауіпсіздігін нығайтуда болып отыр. Тақтатас қабаттарын игеру бұрын қолжетімсіз болып келген көмірсутек қорларын өндіріс айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Осылайша мұнай өндіру саласының игерілу мерзімін ұзартуға және дәстүрлі кен орындарының сарқылуына тәуелділікті азайтуға жол ашады.

Экономикалық әсері де кем емес. Тақтатас мұнайы саласындағы жобалар геологиялық барлау жұмыстарына, бұрғылауға, инфрақұрылымға және жоғары технологиялық жабдықтарға қомақты инвестицияларды қажет етеді. Бұл өз кезегінде заманауи инженерлік шешімдерге сұраныс қалыптастырып, қызмет көрсету компанияларының ғылыми-зерттеу орталықтарының және өндірістік кәсіпорындардың дамуын ынталандырады. Нәтижесінде бүкіл экономика үшін мультипликативтік әсері қалыптасады, демек машина жасау мен логистикадан бастап, білім беру және кадр даяр­лау жүйесіне дейін ілгерілейді.

Біз жаңа саланың дамуының әлеуметтік өлшеміне ерекше назар аударамыз. Әрбір ірі энергетикалық жоба – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, мамандар біліктілігінің артуы, сондай-ақ жобалар жүзеге асырылатын өңірлерде халық табысының өсуі дегенді білдіреді. Заманауи өндірістердің айналасында жаңа инфрақұрылымдық нысандар қалыптасып, әлеуметтік сала дамиды, өмір сүру сапасы жақсарады.

«САУТС-ОЙЛ» компаниясы қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін терең түсінеді. Сонымен қатар даму қағидаттарын да дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Компания тек өндірістік көрсеткіштерге ғана емес, сонымен қатар экология­лық қауіпсіздікке, әлеуметтік қолдауға және қызметтің ашықтығына да айрықша мән береді. Тақтатас мұнайын игеру барысында экологиялық стандарттарды қатаң сақтау қажет екенін ерекше атап өткен жөн. Дегенмен заманауи технологиялар қоршаған ортаға келтіретін әсерді едәуір азайтуға мүмкіндік беретін көңіл көншітеді. Яғни, су тұтынуын қысқартуға, көміртек ізін төмендетуге және ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға жағдай жасауға болады. Біз экологиялық құрамдасты шектеу ретінде ғана емес, тиімді әрі ұзақ мерзімді бизнестің маңыз­ды элементі ретінде қарастырамыз.

«САУТС-ОЙЛ» компаниясы үшін тақтатас мұнайы бағыты мұнай-газ саласындағы көпжылдық тәжірибенің заңды жалғасына айналады. Жүргізілген геологиялық барлау зерттеулері, геологиялық үлгілерді жасау және алғашқы тәжірибелік жобалар Оңтүстік Торғай бассейніндегі тақтатас қабаттарының жоғары әлеуетін растады. Тақтатас мұнайының алғашқы қорларын мемлекеттік балансқа қою тек біздің компания үшін ғана емес, бүкіл сала үшін маңызды кезең екені рас. Бұл оқиға іс жүзінде Қазақстан мұнай өндіру тарихында жаңа бет ашып, жаңа өндірістік бағыттың қалыптасуына негіз қалады.

Біз бұл бағытты елдің энергетика секторын тұрақты дамытуға, озық технологияларды енгізуге және заманауи өндірістік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия ретінде қарастырамыз.

Бұл ретте халықаралық ынтымақтастық маңыздылығын да ерекше атап өткім келеді. Тақтатас мұнайы жобаларын жүзеге асыру тәжірибе алмасуымыз, әлемдегі озық тәжірибелерді тартуымыз және жетекші технологиялық компаниялармен серіктестік орнатусыз мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, шетелдік мамандар мен инвес­тициялармен өзара ықпалдас­тық саланың дамуын жеделдетті. Одан бөлек оның тиімділігін арттыруда шешуші рөл атқарғаны да сөзсіз.

Тақтатас мұнайын өндірудің дамуы Қазақстанның экономикалық өсіміне елеулі үлес қосып, елдің әлемдік энергетикалық нарықтағы позициясын нығайтып, инновациялық өнеркәсіптік ортаның қалыптасуына ықпал етеді деп сенемін. Ал өз кезеңінде, «САУТС-ОЙЛ» компаниясының тәжірибесі Қазақстанның энергетикалық саласының одан әрі дамуына пайдалы болады деп үміттенеді.

Іс-шараның мәртебесін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, мемлекет және қоғам қайраткері Ахметжан Есімов, Қазақстан Республикасы энергетика вице-министрі ­Ерлан ­Ақбаров, KAZENERGY қауымдастығының төрағасы ­Болат Ақшолақов, Ұлттық ғылым академиясының, геологиялық инс­титуттардың, мұнай-газ компанияларының және кәсіби бірлестіктердің өкілдері қатысуы айрықша арттыра түсті. Олардың қатысуы конференцияның тек ғылыми емес, сонымен бірге мемлекеттік, өндірістік және стратегиялық маңызы бар басқосу екенін көрсетті.

Жиын барысында Шахмардан Есеновтің өмірі мен қызметіне арналған деректі фильм көрсетіліп, академиктің ел ғылымына сіңірген еңбегі кеңінен еске алынды. Мақсұтбек Шахмарданұлы Есеновтің қатысуы конференцияға ерекше рухани мән берді. Ол өз сөзінде әке мұрасының ең басты өзегі елге қызмет ету, ғылымға адалдық және жас ұрпаққа сенім арту екенін жеткізгендей әсер қалдырды. Конференцияның ғылыми мазмұнында ерекше орын алған бағыт – Қазақстанда тақтатас мұнайын зерттеу және өндіру перспективалары болды. Бұл тақырыптың жеке фильммен, арнайы баяндамалармен және технология­лық талқылаулармен қамтылуы елімізде сланец мұнайы бағытының жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті. Бұған дейін тақтатас мұнайы көбіне АҚШ пен Қытай тәжірибесімен байланыстырылып келсе, енді Қазақстан да осы күрделі әрі келешегі мол бағытта өз ғылыми-өндірістік ізденісін бастады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаевтың конференция­ға қатысуы да жиынның ғылыми салмағын арттыра түсті. Ол Қазақстанда тақтатас мұнайын зерттеу және өндіру мәселесіне айрықша назар аударып, бұл бағыттың ел ғылымы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академия­сының президенті Бақытжан Жұмағұлов «Қазақстанда тақтатас мұнайын өндіру перспективалары» тақырыбындағы баяндамасында бұл бағыттың еліміз үшін жаңа технологиялық мүмкіндік екенін атап өтті. Оның баяндамасының негізгі өзегі – Қазақстан геологиясы дәстүрлі кен орындарын зерттеумен шектелмей, күрделі құрылымды, төмен өткізгішті және дәстүрлі емес көмірсутек қабаттарын игеруге көшуі тиіс деген ойға саяды. Бұл – ғылым мен өндірістің тоғысқан жерінде ғана шешілетін күрделі міндет.

«САУТС-ОЙЛ» ЖШС геология және кен орындарын игеру жөніндегі вице-президенті Шайхан Қайратұлы Мұхаметрахимов «Тақтатас мұнайы: сын-қатерлер мен шешімдер» атты баяндамасында сланец мұнайын өндірудің технология­лық күрделілігіне назар аударды.

Carrie Technology Holding Limited компаниясының президенті Dr. Renqi Jiang, PhD «САУТС-ОЙЛ» ЖШС келісімшарттық аумағында тақтатас мұнайын барлау және игеру жұмыстарының прогресі мен әлеуеті туралы баяндама жасады. Оның баяндамасында халықаралық тәжірибе, технологиялық бейімдеу және нақты геологиялық аумақта сланец мұнайын игерудің мүмкіндіктері сөз болды. Бұл баяндама Қазақстандағы тақтатас мұнайын игеру ісінің тек тео­риялық талқылау деңгейінде емес, нақты келісімшарттық аумақтарда ғылыми-өндірістік негізде қарастырылып жатқанын көрсетті.

Тақтатас мұнайын өндіру – оңай игерілетін ресурс емес. Ол терең геологиялық талдауды, заманауи сейсмикалық зерттеулерді, жыныстардың кеуектілігі мен өткізгіштігін дәл бағалауды, қабат қысымын, органикалық заттардың жетілу деңгейін және мұнайдың миграциялық ерекшеліктерін кешенді зерттеу­ді талап етеді. Конференцияда айтылған ойлардан байқалғандай, Қазақстанда бұл бағыттың болашағы ең алдымен ғылыми дәлдікке, өндірістік тәжірибеге, халықаралық технология­лық әріптестікке және кадрлық әлеует­ке байланысты.

Алдағы жылдары тақтатас мұнайын зерттеу Қазақстан үшін геологиялық барлаудың жаңа белесіне айналуы мүмкін. Егер бұл бағытта жүйелі ғылыми зерттеулер, пилоттық өндірістік сынақтар, заманауи бұрғылау технологиялары және экология­лық қауіпсіздік талаптары қатар дамытылса, елімізде дәстүрлі емес көмірсутек ресурс­тарын игерудің жаңа мектебі қалыптасады.

Конференцияның секция­лық мәжілістерінде де тақтатас мұнайына жақын ғылыми мәселелер кеңінен талқыланды. Бірінші секцияда көмірсутек шикізаты кен орындарын іздеу, барлау және игеру мәселелері қарастырылды. Екінші секцияда Қазақстанның геологиясы, тектоникасы және металлогениясы мәселелері талқыланды. Үшінші секцияда заманауи іздеу, барлау және игеру технологиялары талқыланды.

Шымкентте өткен бұл ғылыми басқосу академик Шахмардан Есеновтің мұрасын құрметтеумен қатар, Қазақстан геологиясының жаңа даму кезеңін айқындаған мазмұнды алаң болды. Әсіресе тақтатас мұнайы мәселесінің кеңінен талқылануы еліміздің мұнай-газ саласында жаңа мүмкіндіктерге бет бұрып отырғанын көрсетті. Бұл бағытта алдағы уақытта ғылыми зерттеу, тәжірибелік сынақ, өндірістік енгізу және халықаралық әріптестік қатар дамуы тиіс. Тақтатас мұнайы саласындағы ізденістер осы жолдағы маңызды қадамдардың бірі болмақ. Конференция қорытындылары Қазақстан геология ғылымына, мұнай-газ өндірісіне және энергетикалық қауіпсіздікке тың серпін беретіні сөзсіз.

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,

техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық инженерлік

Академиясы Оңтүстік

өңірлік филиалының

вице-президенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button