Басты ақпаратЕл тынысы

Еуропалық нарыққа шығатын қақпа ашылды

2-4 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис Қазақстанға ресми сапармен келді. Кеше өткен келіссөздер барысында президенттер сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарға басымдық беретін екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылады. Сондай-ақ тараптар бірқатар құжаттарға қол қойды.

Астана-Ларнака әуе рейсі ашылды

Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Кипр Республикасының Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шара аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидис бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Қазақстан мен Кипрдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Кипр Президентіне ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарының тарихи мәнін атап өтті.

«2019 жылы Сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүргеніңізде елімізге келіп, Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі қолдаушысы ретінде әрекет ететініңізді мәлімдеген едіңіз. Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттеріміздің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын. Өз тарапымнан көптеген бағытта ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға күш салуға дайынмын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Никос Христодулидис Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.

«Сіздің еліңізге Кипрден тікелей қатынайтын алғашқы рейс арқылы іскерлік делегация өкілдерімен бірге ұшып келгеніме өте қуаныштымын. Елдеріміздің әлеуеті мол. Бүгінгі келіссөздер өзара ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сондай-ақ Қазақстанға басқа лауазымда келіп отырмын. Қазіргі уақытта еліміз Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатыр. Аталған өңірдің маңызын және Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету жолдарын талқылауға әзірмін» деді Кипр Президенті.

Алғашқы тарихи сапар

Қазақстан мен Кипр президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидистің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекет басшысы Кипр Республикасының Президенті дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған сәттен бері елімізге алғаш рет тарихи сапармен келгенін атап өтті.

«Біз жаңа ғана шағын құ­рамда мазмұнды келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенімізді растадық. Қазақстан өзара тиімді келісімдерді бекітуге дайын. Өйткені елдеріміз арасында қалыптасқан достықты құрмет тұтамыз. Сапарыңыздың Кипр Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатқан кезеңде өтуі символдық мәнге ие. Осы орайда Сіздің жетекшілігіңізді жоғары бағалаймыз әрі маңыз­ды миссияны табысты аяқ­тауыңызға тілектеспіз. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Кипрдің халықаралық аренадағы беделі айтарлықтай арта түсті. Біз Кипрмен сан қырлы серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы қарым-қатынас саяси деңгейдегі тұрақты байланыстар және дипломатиялық ведомстволар желісі арқылы сенімді түрде ілгерілеп келеді. Астана мен Никосия қалаларында елшіліктеріміздің ашылуы жүйелі әрі нақты ықпалдастықтың берік институционалдық негізін қалайды. Сіздің Ларнака – Астана бағытындағы алғашқы әуе рейсімен ұшып келуіңіздің символикалық сипаты айрықша. Өйткені бұл екі елді жалғайтын тікелей әуе қатынасының іске қосылғанын көрсетеді. Қазіргі сауда көлемі экономикаларымыздың нақты әлеуетіне толық сай емес екенін түсінеміз. Сондықтан ортақ мақсатымыз – саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Никос Христодулидиспен бірге ауқымды бизнес делегация келгеніне тоқталды. Бұл кипрлік компаниялардың елімізге қызығушылығы артып келе жатқанын байқатады. Осы орайда цифрландыру мен жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы кооперацияны кеңейтуге баса мән беру қажет екені айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі бизнес-форум мен Сауда палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою іскерлік топтардың тікелей диалогын жолға қоюға септігін тигізеді. «Қазақстан кипрлік компаниялардың инвестиция құю және елімізде кәсіп ашу ниетін құптайды. Ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі – бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Кипр компаниялары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Үкіметіміздің нақты қолдауына арқа сүйей алады. Бұдан бөлек, парламентаралық байланыстар елдеріміздің ынтымақтастығына орнықты саяси-құқықтық негіз қалайды» деді Президент.

Никос Христодулидис Астанаға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды кезеңі саналатынын жеткізді.

«Біз Орталық Азия мен Қазақстанның әлемде геосаяси тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын білеміз. Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі саналады. Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвес­торлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа. Біз Еуропа Одағы стандарттарына толығымен сай келетін нақты іскерлік ортаны ұсынамыз. Ақпараттық-коммуникация­лық технологиялар, финтех, инвестициялық қорлар, кеме қатынасы, туризм, білім беру, жаңартылатын энергия және инфрақұрылым екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына айнала алады. Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығына баруды жоспарлап отырмын. Аталған орталықпен әріптестікті, әсіресе қаржы қызметтері мен «жасыл» қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту­де зор әлеует бар» деді Кипр Президенті.

Мемлекет басшысы нәтижелі экономикалық күн тәртібіне қол жеткізу үшін үкіметтер күшін үйлестіру маңызды деп санайды. Осы орайда Қасым-­Жомарт Тоқаев Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынды. Президент Экономикалық ынтымақтас­тық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру, сондай-ақ сауда делегацияларымен тұрақты алмасу жөнінде бастама көтерді.

Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық коммуникация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасын талқылады. Сонымен қатар мәдениет, білім, спорт және туризм бағыттарындағы байланысты кеңейту мүмкіндігіне назар аударды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялар мүшелері келесі ведомствоаралық құжаттармен алмасты:

  1. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігі мен Кипр Республикасы Зерттеу, инновациялар және цифрлық саясат кіші министрлігі арасында ақпараттық коммуникациялық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш қызметі және киберқауіпсіздік салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министр­лігі мен Кипр Рес­публикасы Мәдениет кіші министрлігі арасында мәдени ынтымақтас­тық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кипр Рес­публикасы Білім, мәдениет, спорт және жастар министрлігі арасында білім және ғылым салаларындағы ынтымақтас­тық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  4. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Кипр Республикасы Білім, спорт және жастар министрлігі арасында спорт саласы бо­йынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасы Сыртқы сауда палатасы мен Кипр Республикасы Сауда-­өнеркәсіп палатасы арасында­­ғы инвестициялық және іскерлік перспективаны нығайту бо­йынша ынтымақтастық туралы келісім.

«Достық» орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Кипр Президенті Никос Христодулидисті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Президентінің Қазақстанға алғашқы тарихи сапары екіжақты ынтымақтас­тықты дамытудың маңызды кезеңі саналатынын атап өтіп, Никос Христодулидистің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас­ты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздеген ниетіңіз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Қазақ­стандықтар Сізді айнымас дос әрі халықаралық деңгейдегі беделді мемлекеттік қайраткер ретінде таниды. Белсенді қызметіңіздің арқасында өзара сенім, саяси диалог және ынтымақтастығымыз нығая түсті. Ортақ күш-жігер арқылы қарым-қатынасымызға тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз деп сенемін. Қазақстан мен Кипр арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесіңізге шексіз құрметтің белгісі ретінде Сізге І дәрежелі «Достық» орденін табыстау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл орден атауы айтып тұрғандай, достықты, Қазақстан мен Сіздің еліңіздің арасындағы қарым-қатынас­тың негізі саналатын сенім мен серіктестік рухын сипаттайды. Жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін! Достас Кипр халқының игілігі мен өркендеуі жолында жетістіктерге жете беріңіз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кипр Президенті жоғары награданы табыстағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

«Марапатты екі ел арасында­ғы достықтың нышаны ретінде Кипр халқының атынан қабыл аламын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Бүгінгі сапар перспективті салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы ортақ мүдде мен мықты саяси ерік-жігерімізді паш етеді» деді Никос Христодулидис.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button