Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Мемлекеттік академиялық филармонияда «Киберқауіпсіздік, жасанды интеллект: заманауи қатерлер және қорғану тәсілдері» тақырыбында форум өтті. Іс-шараға қаладағы мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысты. Жиында қоғамдық қатынастың қарқынды цифрландырылуы, киберқылмыс санының артуы және кәмелетке толмағандардың цифрлық ортаға тартылуы жағдайында киберқауіпсіздік мәселелерін қалай шешуге болатыны айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спикерлер ретінде Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Киберполиция, сондай-ақ прокуратура органдарының өкілдері қатысты. Олар азаматтардың кибергигиена бойынша тұрақты дағдысын, құқықтық санасын және ақпараттық кеңістікте жауапты мінез-құлқын қалыптастыру құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асырудың маңызды міндеті екенін алға тартты. Мамандар форум барысында интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері, дропперлік, жеке деректерді қорғау, цифрлық технологиялар мен ЖИ саласындағы заңдылықты сақтау мәселелері туралы толық мағлұмат берді.

-Бүгінде цифрлық кеңістік күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл мәселенің көп уақытын ғаламторда әлеуметтік желі қараумен, түрлі ойын ойнаумен өткізетін балалар мен жасөспірімдерге де қатысы бар. Сондықтан интернет алаяқтық құрығына олар да жиі түсіп қалады. Кибергигиена мәдениетін және әрбір интернет қолданушының жеке жауапкершілігін қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Осы ретте бүгінгідей іс-шаралар цифрлық ортада азаматтардың қауіпсіз әрекет ету машықтарын қалыптастыруға септік етеді, — деді Сарыарқа аудандық прокуратурасының аға прокуроры Әлихан Кусниденов. Ол ғаламтордағы кез келген қылмыстық әрекеттер жазасыз қалмайтынын жеткізді. Сонымен қатар ғаламтордан түрлі ойындарды, өнімдерді сатып алу барысында да банк шоттарын, басқа да деректерін беруде өте абай болу керектігін ескертті. Сонымен қатар интернет алаяқтық әрекеттеріне барғандарды қандай қылмыстық жаза күтетінін тізбектеп айтып берді.

Форумда ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы маман Азамат Тастеміров әлеуметтік желіні, электронды поштаны және басқа да интернет алаңдарды қауіпсіз пайдалану, олардың құпия сөзін күрделі етіп құрастыру және басқа да сақтық шаралары туралы баяндады. Ол өте мұқият әрі күрделі құрастырылған құпия сөз көптеген қауіптен сақтайтынын жеткізді. Келесі спикер — Астана қаласы ПД аға жедел уәкілі, полиция капитаны Қонысбек Айдар интернет алаяқтық белгілері мен азаматтарға келіп түсетін түрлі күмәнді қоңыраулар, криптовалютамен инвестиция салу арқылы азаматтардан ақша жымқыру және басқа да өзекті мәселелер бойынша қалай сақтану керектігі туралы қатысушыларға ақпарат берді. Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Нұргүл Алипова да агенттікке түсіп жатқан шағымдардың көбі алаяқтықпен байланысты екенін жеткізді. Ол мұның себебін қаржылық сауаттылықтық жоғы және адамдарға сенгіштікпен байланыстырды.

Райхан Рахметова



