Діни саланы басқарудың өзекті мәселелері талқыланды
Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетімен бірлесіп, ҚР өңірлерінің дін істері жөніндегі басқармаларының басшылары мен қарасты ұйымдар директорларына арналған «Қоғам трансформациясы жағдайында діни саланы басқару: тәуекелдер, басқарушылық шешімдер және тиімділік» тақырыбында республикалық семинар өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның мақсаты – қазіргі қоғамдық өзгерістер жағдайында діни саланы басқарудың өзекті мәселелерін талқылау, тиімді басқарушылық тәсілдерді қалыптастыру, сондай-ақ өңірлер арасында тәжірибе алмасу.
Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі Али Рустам Алиұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің өкілдері, Қазақстан Республикасы өңірлерінің дін істері жөніндегі басқармаларының басшылары, сондай-ақ қарасты ұйымдардың директорлары қатысты.
Семинар аясында діни саладағы заманауи сын-қатерлер мен тәуекелдер, дін саласындағы мемлекеттік саясат тетіктерін жетілдіру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен үйлестіруді дамыту мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ діни саясат саласында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру және басқарушылық шешімдерді жаңа әлеуметтік және цифрлық жағдайларға бейімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аталған семинар қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық келісімді нығайту және зайырлы мемлекет қағидаттарын ілгерілету бағытында үздік тәжірибелермен алмасу мен ортақ тәсілдерді қалыптастыруға арналған маңызды диалог алаңына айналды.



