Ұлағатты ұстаз, ардақты ардагер

Бегендік Сауытұлы Өтебаев – экономика және басқару саласының майталман маманы, ұзақ жылдар бірқатар мекемелерде түрлі лауазымдарда жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған беделді ұстаз, құрметті ардагер. Бурабайдың іргесіндегі Қымызынай ауылында 1951 жылы дүниеге келген Бегендік анасынан ерте айырылады. Анасынан қалған бес ұлды әкесі Сауыт тәрбиелеп, ержеткізеді. Өмір толқындарымен араласа, арпалыса ғұмыр кешіп, тіршіліктің жаймашуағы мен дауылы, қайғысы мен сауығы, жеңілі мен ауырын қатар көріп, тауқыметін тартып, оны жеңе білген профессор, экономика ғылымдарының кандидаты Бегендік Сауытұлы деп ауыз толтырып айта аламыз.
Көкшетау облысы Щучье ауданы Щорсовка орта мектебінің мұғалімі қызметінен еңбек жолын бастаған Б.Сауытұлы Кеңес Армиясы қатарында қызметін аяқтағаннан кейін сол Щорсовский совхозында жұмысшы, есепші болып істеп, тиянақтылығымен көзге түседі.
1975 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтының (қазіргі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) экономика факультетіне оқуға түскен, ол оқу орнында да барлық қоғамдық шаруаға, әсіресе, ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді араласып, ізденіске деген қызығушылығын таныта білді.
Аталған ауылшаруашылық институтын үздік бітіргеннен соң сол оқу орнында кіші ғылыми қызметкер, аспирант, ассистент, доцент, есеп және статистика кафедрасының меңгерушісі, отыз жасында экономика факультетінің деканы қызметтерін мінсіз атқарды.
Қазақ агротехникалық университетінде студенттерге ұстаздық етіп, оларға тәлім-тәрбие беру барысында Б.Өтебаев әр студенттің жанына білім дәнін сеуіп, мамандыққа баулып, шәкірттерін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырып отырды. Дәлірек айтқанда, жастарды өмір сүре білуге тәрбиеледі. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төкті. Жоғары білім ошағындағы рухани-ғылыми байлықтың жарқын тұлғасы болып табылатын ұстаз жан-жағына жақсылық нұрын шашып, көптің ұйытқысы, тілекшісі болады. Кандидаттық диссертация қорғап, профессор атанады.
1986 жылы республиканың техникалық және кәсіптік оқу орындары арасында алғашқы болып Целиноград ауыл шаруашылық институтында сабақ үрдісін қазақ тілінде оқыту жұмысы ұйымдастырылды. Міне, осы кезеңде Бегендік Сауытұлы өзінің бастамашыл тамаша қасиетімен көзге түсті. Университеттегі мемлекеттік тілде оқытатын алғашқы оқытушылардың бірі ретінде көптеген жетістікке жете бастады. Әсіресе, оқыту үрдісін қазақ тілді аудиторияға лайықтап қайта ұйымдастыруда, оны оқу-әдістемелік құралдармен және оқулықтармен қамтамасыз ету бағытында экономика факультеті деканы ретінде өлшеусіз үлес қосты.
Қазақстан тәуелсіздік алып, қазақ тілі туралы заң шығып, қазақша білім беру кезеңі басталғанда көптеген жоғары оқу орындарында оқытушылар арасында текетірес болғандығы жасырын емес. Ана тілінде оқулықтар керектігі өз алдына, ал қазақ тілінде студенттерге дәріс беру үлкен жауапкершілікті талап етті. Бұл талап биігінен көріне білген Б.Өтебаевтың бұрынғы Целиноград ауылшаруашылық институтында қазақ тілінде білім беру ісін жолға қоюдағы еңбегі ерен. Ғалымның осы еңбегі атап айтуға тұрарлық.
Бегендік Сауытұлы экономика факультетінің деканы ретінде өткен ғасырдың 90-жылдары күрделі мәселелермен бетпе-бет келді. Оларды шешу жолында аянбай қызметтенді, қаржының жетіспеушілігіне қарамай жатақхананың жөнделуі, оқу үрдісін тоқтатпау амалдарын тауып, оқытушылар құрамын сақтап қалуда бар мүмкіндігін пайдаланды.
Сонымен қатар, Бегендік Сауытұлының тағы бір қызметтік кезеңі – Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде оқу ісі жөніндегі проректор болып қызмет атқарғаны, проректорлық қызметті аса жауапкершілікпен, абыроймен, адал атқара білді. Жаңа университеттің оқу ғимаратын салуда да, профессорлар мен оқытушыларды жұмылдыруда да, оқу процесіне алғашқы қатарда кредиттік жүйені енгізуде де өзінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қабілетін толығымен көрсетті.
Ұстаздық қызметімен қатар, ғылыми жұмыстармен де жүйелі түрде айналысқан Бегендік Сауытұлы – ғылым саласынан да өз орнын ойып тұрып алған азаматтардың бірі, оның 160-тан астам ғылыми еңбектері мен 4 монографиялық туындылары және 12 оқу құралдары, 25 оқу-методикалық анықтамалығы жарық көрді. Оның жетекшілігімен бірнеше жас ғалымдар кандидаттық диссертация қорғап, бүгінде еліміздің халық шаруашылығының әр саласында жемісті еңбек етуде. 1995 жылы ғылыми тәжірибе алмасу негізінде Германияда болып қайтты. 2005-2014 жылдары экономика саласының білгір ғалымы ретінде мемлекеттік бюджеттің ғылыми жобаларын жасасуға атсалысты. Ғылыми жұмыстары республиканың экономика, қаржы, мемлекеттік бюджет, агроөнеркәсіп кешендерінің инновациялық және бәсекелестік даму проблемалары, жергілікті өзін-өзі басқару мен ауылдық аймақтарды дамыту сияқты түрлі мәселелеріне арналған. 5 оқулығы ЖОО және жоғары оқудан кейінгі білім берудің республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің «Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес» мамандықтар тобы бойынша, оқулық және оқу құралдары ретінде баспаға ұсынылған. Сондай-ақ ол – қазақ тілінде жарық көрген «Мемлекеттік бюджет» атты алғашқы оқулықтың авторы.
Жан-жағына жалтақтамайтын турашыл мінезімен де ерекшеленетін ойы озық, түйгені мол ғалым ұстаздың еңбектері бағаланып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасы, «Астанаға − 10 жыл» медалімен Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Құрмет грамотасымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Ел арасында Өтебаевтар әулетін «ғалымдар жанұясы» деп мақтан тұтады. Ол да шындық. Бегендік Сауытұлының жұбайы Раушан Жүнісова мен қызы Гүлжан Өтебаева – экономика ғылымдарының кандидаты, Сәкен Сейфуллин атындағы университетте жемісті жұмыс істеп жатқан жандар.
Бегендік ұстаз қазіргі уақытта есеп және аудит кафедрасының доценті ретінде студенттерге білім бере жүріп, ғылымнан қол үзбей жұмыстарын жалғастыруда. Оның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде абыроймен қызмет атқаруда. Олардың қатарында жоғары лауазымды басшылар мен кәсіпкерлер, экономистер мен бухгалтерлер, басқа да білікті мамандар баршылық.
Сондай-ақ Бегендік Сауытұлы 450-ден астам зейнетке шыққан ұстаздарды, түрлі лауазымдарда болған тұлғаларды, мұғалімдерді біріктіретін Қазақ агротехникалық университеттің ардагерлер ұйымының төрағасы лауазымында өнегелі қызмет атқаруда.
Адамның адамгершiлiгi – оның кiсiлiгiнде. Адамдық ар-намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу қасиеттеріне бай, елімізге танымал профессор Бегендік Сауытұлы 75 жасында да ізгілік істерімен өнегелі өмірін жалғастыруда.
Астана қалалық Ардагерлер кеңесі



