Мәдениет

Ғибратты  ғалым

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру, Қазақ ұлттық жаратылыс­тану ғылымдары академияларының академигі, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов – 70 жаста.

1956 жылдың 29 ақпанында Семей қаласында дүниеге келген Ерлан Батташұлы Қарауыл ауылындағы Абай атындағы мектеп пен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде терең білім алды. ҚазМУ-дің аспирантурасында тәлімдемеден үздік өтіп, тарих ғылымдарының кандидаттығын алғаннан кейін докторлық диссертация қорғады.

Еңбек жолын 1978 жылы Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтының қоғамдық ғылымдар кафедрасында ассис­тент, одан кейін аға оқытушы, доцент, профессор, факультет деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі, проректор қызметтерінде бастады. 1996 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының мемлекеттік қызмет және кадрлармен жұмыс бөлімінің консультанты болып жұмыс істеп, 1997 жылдың маусымында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды, 2004-2008 жылдары Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, 2008-2011 жылдары Шәкәрім атындағы Семей мем­лекеттік университетінің ректоры қызметтерін атқарды.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры болып тағайындалғаннан (2011 ж.) осы уақытқа дейінгі аралықта университетті жоғары оқу орны қызметінің барлық бағыттары бойынша халықаралық деңгейге шығара алды. ЕҰУ 2012 жылы «QS World University Ranking – Top Universities» әлемдік рейтингінің қорытындысы бойынша әлемнің үздік 400 университетінің қатарына еніп, 369-орынды иеленді (осы рейтингке жыл сайын қатысатын 17 мыңнан астам ЖОО-­ның ішінен). Осы кезден бастап 2025 жылдар аралығында  ЕҰУ аталған ғылыми дәрежеге бірнеше рет жетіп келеді. Л.Н.Гумилев
атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) QS World University Rankings: Asia 2026 аймақтық рейтингінде 61-орынға көтерілді. 2024 жылы оқу орны 65-орында болған. Осылайша, университет Азиядағы 1526 жоғары оқу орны арасында өз беделін нығайтып келеді.

Ғылым дамытуға, білімді өркендетуге қосқан баға жетпес үлесі үшін Ерлан Батташұлы «Парасат» орденімен, «Барыс» II дәрежелі және «Барыс» III дәрежелі ордендерімен марапатталды. «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгілерімен, «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», ­­ «Ы.Алтынсарин» медальдарымен, А.Байтұрсынов атындағы күміс медальмен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген. Сонымен бірге, Халықаралық биографиялық орталықтың (Кембридж, Англия) комиссия­сының шешімімен «Әлемнің көрнекті ғалымы» атағы берілген. Әзербайжан Республикасының «Прогресс» медалімен марапатталды. Италия Респуб­ликасының «Жұлдыз» орденінің кавалері атанды. Ресей Федерациясының Пушкин медалімен Қырғыз Рес­публикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ерлан Батташұлы Ұлттық тарихшылар конгресінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің мүшесі, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының құрметті азаматы болып табылады.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің ректоры лауазымындағы атқарған еңбектерін ерекше атап өтеміз. Ерлан Батташұлы ЕҰУ-де жүзеге асырған «Барлығы студент үшін» бағдарламасы үлкен резонанс пен қоғамдық қолдауға ие болды. Студенттерді әлеуметтік қорғауды, сапалы медициналық қызмет көрсетуді, Студенттік тегін кинотеатрдың ашылуын ұйымдас­тырды, студенттiк театр-­студия, хореография, вокал, домбыра, КТК, имидж-топтың құрылуын қамтамасыз етті.

Осындай ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым әрі қоғам қайраткері ретінде халықаралық деңгейге көтерілген тұлға – Ерлан Батташ­ұлы  Сыдықовтың алда талай шыңдарды игеретініне сенім арта отырып, мерейінің үстем, істерінің сәтті, денінің сау болуына шын жүректен тілек білдіреміз!

Астана қалалық Ардагерлер кеңесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button