Мектептегі салықтық сауаттылық сабағы

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында №71 мектеп-лицейінде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы негізінде маңызды ақпараттық-танымдық кездесу ұйымдастырылды. «Менің құқықтарым – менің жауапкершілігім» тақырыбында өткен іс-шара салық және салық салу саласындағы азаматтық жауапкершілікті дамытуға бағытталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған кездесуге салық басқармасының өкілдері, мектеп әкімшілігі және ата-аналар қауымы қатысып, қоғам үшін өзекті саналатын салықтық міндеттемелер мен азаматтық жауапкершілік мәселелерін кеңінен талқылады. Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналардың салық заңнамасына қатысты құқықтық сауаттылығын арттыру, салық төлеу мәдениетін қалыптастыру және адал азамат құндылықтарын насихаттау болды.

Кездесу барысында Дара кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Төрехан Алихан салық саласындағы соңғы өзгерістер жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің салықтық міндеттемелеріне тоқталды. Сонымен қатар, салық төлеу тәртібі, жеңілдіктер мен электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалану жолдары инфографикалық материалдар арқылы түсіндірілді.
Іс-шара барысында мектеп директорының орынбасарлары Сарсембетова Жанар мен Бақыт Құрбанқызы қатысушыларға қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтау мен азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Ата-аналар тарапынан салық төлеу тәртібі, міндеттемелерді орындау жауапкершілігі, онлайн сервистер мен жеңілдіктерге қатысты бірқатар сұрақтар қойылып, сала мамандары барлық сауалдарға нақты әрі түсінікті жауап берді.
Ашық пікір алмасу форматында өткен бұл іс-шара қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамда заңға құрмет пен адалдық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарын кеңінен дәріптеуге оң ықпал етті.
фото: Сұлтан СЕЙІТ



