Қала мен сала
Астанаға қосымша кәріздік тазарту нысандары керек

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы №1 кәріздік тазарту нысанына барғаны туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Қазіргі уақытта шаруашылық-тұрмыстық ағын су тәулігіне 254 мың м³ қуаттылығы бар №1 кәріздік тазарту құрылысы (КТҚ №1) арқылы тазартылып жатыр. Қаланың дамуы мен тұрғындар санының жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, қосымша тазарту құрылыстарын салу қажеттілігі туындап отыр.
Мәселен, қолданыстағы кәріздік тазарту құрылысын жаңғырту жобасы әзірленіп жатыр, оның аясында өндірістік қуатын тәулігіне қосымша 25 мың м³ дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар КТҚ-1-ден Қарабидайық жинақтағышына дейінгі кәріздік коллекторды қайта жаңарту жұмысына кірістік. Бұдан бөлек, тәулігіне 188 мың м³ өнімділігі бар шығару коллекторларымен бірге КТҚ-2 жобасын әзірлеу жұмысы аяқталды. Сол сияқты қалада Көктал-1 елді мекенінде (тәулігіне 60 мың м³), Өндіріс елді мекенінде (тәулігіне 10 мың м³) және Индустриялық паркте (тәулігіне 15 мың м³) локалды кәріздік тазарту құрылысын салу жобаларын іске асыру басталды. Аталған нысандардың жалпы өнімділігі тәулігіне 85 мың м³ құрайды. Осы жобалардың жүзеге асуы нәтижесінде қолданыстағы кәріздік тазарту құрылысына түсетін жүктеме азаяды. Жобаларды 2028-2029 жылдары аяқтау жоспарланып отыр, нәтижесінде қаладағы су бұру мәселесі толықтай шешіледі, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ ол нөсерлі кәріз жүйесін жаңғырту аясында нөсерлі, дренажды және арық-науа типтегі магистральды кәріз желілерінің 30 шақырымнан астамы төселгенін жазды. Бұдан бөлек 9 сорғы станциясы мен 7 тазарту құрылысы салынды және қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде су жинау алаңы 15,3 мың гектарға дейін ұлғайтылды және өзге де кешенді жұмыстар атқарылды.



