Қоғам

Ұлтының ұлы перзенті – Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқының ұлы перзенті, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай мектебімізде «Ұлтының ұлы перзенті» атты мазмұны терең, тағылымы мол апталық ұйымдастырылды. Бұл апталық — ұлттық рухты жаңғыртқан, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған ауқымды рухани жоба болды. 

Апталық барысында мектебіміз ғылым мен өнердің, тарих пен тағылымның тоғысқан орталығына айналды. Іс-шаралар жүйелі жоспарланып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Апталықтың алғашқы күні Алаш арысы Қошке Кемеңгерұлының шөбересі, ғалым, ұстаз Қайырбек Кемеңгер және Міржақып Дулатұлы жайлы «Мінез» кітабының авторы Данияр Ихсан мырзалармен өткен кездесу тағылымды кездесу өтті. Ұстаздар мен оқушылар үшін есте қаларлық әсерлі кеш болды. Кездесу қонақтары Алаш идеясы, ұлт мүддесі жолындағы күрес және Міржақып мұрасының маңызы жайлы тағылымды ойларымен бөлісті.

Eкінші күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлескен «Азаттық жыршысы – Міржақып Дулатұлы» тақырыбында кездесу өтті. Ел алдында жүрген бірқатар зиялы қауым өкілдерінің мектебімізге арнайы келуі — білім ордамыздың беделі мен рухани әлеуетінің айқын дәлелі деп білемін.

Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған жылдық жоспар аясында түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда: «Міржақып ізімен» ақынның өлеңдерін оқу челленджі, 3-4 сынып оқушылары арасында «Міржақып есептері» дәстүрлі мектепішілік олимпиадасы, «Рухы биік Міржақып» мұғалімдер жыр мүшәйрасы, «Ұлттың рухын оятқан Міржақып» атты аудандық интеллектуалды сайыс, «Ұлт болашағы — білімде» тақырыбында пікірталас, «Білім – ерлікке бастар жол» математикалық викторина, сондай-ақ «Міржақып мұрасы» атты сурет және плакат байқауы ұйымдастырылды.

Бұл шара мектепішілік деңгейде ғана емес, сыртқы байқаулардағы жетістіктермен де айшықталды. Қостанай облысы, Рудный қаласында өткен Республикалық «Міржақып оқулары» байқауында 10-сынып оқушысы Утебаев Азамат жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, қалалық ғылыми жоба байқауында 8-сынып оқушысы Жұмабай Назерке «Міржақып өлеңдеріндегі адамгершілік және тәрбие мәселесі» тақырыбында  ІІІ орын жеңімпазы атанды.

Апталықтың жабылу салтанаты әсерлі нөмірлермен қорытындыланды. Оқушылар орындаған отаншыл әндер мен хор композициялары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шара барысында белсенді оқушылар марапатталып, еңбектері лайықты бағасын алды.

«Ұлтының ұлы перзенті» атты апталық – мектебімізде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, тарихи тұлғаларды ұлықтауға және оқушы бойына отансүйгіштік рух сіңіруге бағытталған жүйелі жұмысының айқын көрінісі болды. Міржақып Дулатұлы армандаған білімді, саналы, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу жолындағы мұндай ауқымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табар. Ұлтына «Оян, қазақ!» деп ұран салған алаш ардақтысының мол мұрасы халқымен бірге жасай берері сөзсіз.

Әйгерім Серікбай, 

Астана қаласы әкімдігінің Міржақып Дулатұлы атындағы

№68 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button