Астаналық педагогтар пилотсыз технологиялар бағыты бойынша даярлықтан өтті
Astana Hub алаңында мектептегі білім беру жүйесінде пилотсыз авиациялық жүйелер мен дрон-футболды қолдануға бағытталған семинарлар сериясы өтті

Семинарлар тренер-оқытушыларды даярлауға арналған (Training of Trainers, ToT) бағдарлама аясында ұйымдастырылып, мектептер мен колледждерде инженерлік және технологиялық бағыттағы пәндерді жүйелі түрде енгізуге негіз қалады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Бүгін біз мектептегі пилотсыз білім берудің толыққанды экожүйесін қалыптастыру жолындағы алғашқы қадамды жасап отырмыз. Басты мақсатымыз — мұғалімдерді дайындап, оларға қажетті құралдар мен әдістемелерді, сондай-ақ нақты практиканы ұсыну. Осы арқылы олар өз мектептерінде пилотсыз ұшу аппараты және дрон-футбол бағыттарын дербес дамыта алатын болады», — деді Drone Tech Center басшысы Дмитрий Иванов.
Бір күндік семинар бағдарламасы теория мен практиканы ұштастырды. Қатысушылар пилотсыз авиациялық жүйелердің негіздерімен, саланың әлемдік және қазақстандық даму үрдістерімен, қауіпсіздік талаптары мен реттеу нормаларымен танысты. Сонымен қатар кәсіби симуляторларда және бақылаулы ортада оқу дрондарымен ұшуды тәжірибе жүзінде меңгерді. Дрондарды пайдалана отырып үйірмелер, элективті курстар мен жобалық жұмыстарды ұйымдастыру әдістемесіне ерекше назар аударылды.
«Бұл семинар мен үшін дрондар әлемімен алғашқы әрі өте маңызды танысу болды. Мен дрондар болмаса да бастауға мүмкіндік беретін қажетті базалық білім алдым және қазірдің өзінде оқушыларымды осы бағытқа қызықтыра аламын. Бұл — болашағы зор, өте қызықты сала, ол білім беру мен болашақ мамандықтар үшін үлкен мүмкіндіктер ашады», — деп әсерімен бөлісті № 2 гимназияның мұғалімі Дина Маликовна.
Семинарларға Астананың 114 мектебі мен 34 колледжінен педагогтар қатысты, бұл пилоттық топ бойынша жоспарға толық сәйкес келеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты — мұғалімдердің кәсіби құзыреттерін арттыру, кәсіби қауымдастық қалыптастыру және дрон бағыттарын іске қосуды жоспарлап отырған білім беру ұйымдарына әдістемелік қолдау көрсету.
«Бүгінгі семинар өте әсерлі әрі заман талабына толық сай өтті. Дрон технологияларының мүмкіндігі өте кең: адам жете алмайтын жерге дрон жете алады, оны мектепте де, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін де тиімді қолдануға болады. Осындай заманауи бағыттарды көрсетіп, бізге үлкен мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Мұндай семинарлар мен жарыстар жиі өтсе, болашақ үшін пайдасы өте зор болар еді», — деді № 35 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлсина Серікқызы.
Айта кетейік, бағдарлама Astana Hub жанындағы Drone Tech Center базасында Астана қаласының Жастар білім беру орталығымен, Астана қаласының Білім басқармасымен, Aeroo және DronED компанияларымен, сондай-ақ Kazakhstan Drone Soccer Association ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылды. 2026 жылы ұйымдастырушылар мұғалімдерге арналған ToT Level 1 толыққанды курсын іске қосуды, мектептерге арналған әдістемелік пакеттер әзірлеуді, бағдарламаны колледждер мен өңірлерге кеңейтуді, сондай-ақ дрон-футбол мен пилотсыз ұшу аппараты оқу зертханаларын пилоттық түрде енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар 2026 жылы пилотсыз авиациялық жүйелерге арналған республикалық білім беру форумын өткізу көзделген.



