Елорданың кешенді даму мәселелері Үкіметтің назарында

Астана әкімдігінде Премьер-Министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен қала әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен елорданың әлеуметтік саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген отырыс өтті. Жиында бас қаланың білім, денсаулық, ғылым, еңбек және әлеуметтік қолдау, спорт, туризм салаларының дамуы туралы министрлердің баяндамалары тыңдалып, мәселелерді шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Отырысқа бейінді ведомстволардың министрлері, әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері, қалалық басқармалардың басшылары мен қоғам өкілдері қатысты. Талқылау барысында әр саладағы биылғы негізгі көрсеткіштер айтылды. Аида Балаева әлеуметтік сала мәселелерін шешуде жүйелі тәсілдің маңыздылығын, азаматтардың сұраныстарына жедел ден қою қажеттігін атап өтті. Астана әкімі өз кезегінде үкімет өкілдеріне елорданы дамыту, әсіресе әлеуметтік және мәдени нысандарды жаңғырту саласындағы жобаларға қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді.
Әкімдікте өткен кеңесте білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлінді. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мектеп инфрақұрылымының қазіргі жағдайы мен даму қарқыны туралы баяндады. Бүгінде елордада 208-ден астам мемлекеттік, жеке және республикалық мектептер жұмыс істейді. Соңғы жылдары үш ауысымды оқыту мәселесі шешілді. Сонымен қатар халықтың тұрақты өсуін ескере отырып, қолданыстағы сұранысты жабу үшін қалаға жыл сайын кемінде 10 жаңа мектеп салу талап етіледі. Премьер-Министрдің орынбасары білім беру саласындағы негізгі міндеттерді белгіледі. Олардың қатарында мектепке дейінгі білім беруді және бастауыш мектепті дамыту бағдарламасын іске асыру, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ елорда мектептерінде жасанды интеллектті пайдалану жөніндегі жүйелік бағдарламаны іске қосу бар. Білім беру ұйымдарында ішкі саясат тұжырымдамасын және тәрбие жұмысын сапалы енгізуге ерекше назар аударылды. Аида Балаева білім беру жүйесіндегі басқарушылық жауапкершілік дербес болуы тиіс екенін атап өтті. Негізгі критерийлер оқыту сапасы, балалардың қауіпсіздігі және мектеп инфрақұрылымының жағдайы болып қала береді. Осы стандарттардың сақталуын қамтамасыз етпейтін білім беру ұйымдарының басшылары өз лауазымында қалмауы керек. Сонымен бірге лицензиялау мәселелерін қоса алғанда, белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды күшейте отырып, мектепке дейінгі білім беру саласында тәртіп орнату қажеттілігі айтылды.
Жиында жоғары білім беру мәселелері де қаралды. Астана өңірлік деңгейдегі болашақ академиялық және ғылыми хаб ретінде қарастырылады. Бұған жетекші шетелдік университеттердің өкілдіктерінің ашылуы ықпал етеді. Премьер-Министрдің орынбасары елордалық кәсіпорындардың қызметіне ғылыми әзірлемелер мен инновацияларды іс жүзінде енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ кеңесте қаланың туристік әлеуетін дамыту жайы талқыланды. Биыл Астанаға 1 миллионнан астам турист келді, саланың өсуі 9%-ды құрады. Оқиғалық туризмге ерекше рөл беріледі. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу және «Сарыарқа» велотрегін қоса алғанда жекелеген спорт нысандарын кезең-кезеңімен жаңарту үшін заманауи инфрақұрылымды дамыту қажеттігі атап өтілді.
Денсаулық сақтау саласында емханалар жұмысын күшейтуге басты назар аударылып отыр, онда көмек тек мұқтаж азаматтарға ғана көрсетілуі тиіс. Аида Балаева көрсетілетін қызметтердің сапасына қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды, бұл салаға бюджет қаражатының едәуір көлемі бағытталғанын және салынған әрбір теңге азаматтар үшін нақты және елеулі нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті. Елордада 277 медициналық ұйым жұмыс істейді, алдағы үш жылда тағы 8 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда. Алғашқы медициналық көмекті дамытудың, салауатты өмір салтын насихаттаудың және азаматтардың өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Балалар медицинасын дамыту бағдарламасын әзірлеу және халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын кеңейту жеке бағыт болып белгіленді.
Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударды. Көмек тек оған мұқтаж азаматтарға ғана көрсетілуі керек. Бюджеттік қаржыландырудың едәуір көлемі кезінде көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын бақылау ерекше маңызға ие болады. Одан әрі Аида Балаева елорданың қоғамдық кеңесінің мүшелерімен де кездесті. Бұл жиында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, мектептегі бастауыштағы білім сапасы, ономастика және жастарды рухани тәрбиелеу мәселелері талқыланды. Қоғамдық кеңестердің қалалық орта мен әлеуметтік саясатты дамытудағы маңызды рөлі атап өтілді.
Райхан Рахметова



