Елорда – елдің айнасы

Биыл 24 желтоқсанда Астананы дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы қала жыл сайын кеңейіп, төрт бағытта бірдей өсіп келе жатқанын баяндады. Биылдың өзінде Астанада салынған тұрғын үй көлемі 5 миллион шаршы метрге жуықтаған. Ал елорда халқының ресми саны 1,6 миллион адамға жетті. Осы ретте бас қаланың болашағы жайлы түрлі сарапшылар да ой-пікірін білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-«Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруға тиіс. Елордамыз басқа аймақтарға барлық жағынан үлгі болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл сөздер Астананың болашағы әлі де алда екенін аңғартады. Елорда – елдің айнасы. Ал бұл айна бүгін анық, жарқын әрі сенім ұялатады. 2025 жылдың 11 айында өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайызға өскен. Сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асты. Нәтижесінде қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түсті. Бұл деректерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте айтты. Астана тек көлемі жағынан ғана емес, сапасы жағынан да өсіп келеді. Oxford Economics-тің 2025 жылғы рейтингінде елордамыз Азия құрлығындағы қалалар арасында 36-орынға тұрақтауы – соның дәлелі. Қаланың смарт сити болуға әлеуеті жоғары. Президенттің жуырда Жапонияға жасаған сапары барысында Токиодағы Smart City жобасымен танысып, осы бағытта тәжірибе алмасу жөнінде келісімге келуі де бекер емес. Енді бұл бастама нақты іске айналмақ. Мемлекет басшысы Астана әкіміне Smart City жобасын жеделдетуді тапсырды. Жақын уақытта жедел басқару орталығы іске қосылады. Қалада жасанды интеллектке негізделген жаңа камералар орнатылып, қауіпсіздік деңгейі едәуір күшейтілмек,- дейді журналист.
Ол сонымен қатар Астананың ажары бүгінде шетелдік қонақтардың да назарын аударып отырғанын жеткізді.
-Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің өзі елордамыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын атап өткен. Қаланы көркейту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. «Жаңа келбет» бағдарламасы аясында алдағы бес жылда тарихи бөліктегі 150 ғимараттың қасбеті жаңартылып, көшелер абаттандырылады. Соңғы екі жылда ғана елордада жаңа қоғамдық кеңістіктер көбейіп, жасыл желек мол егілді. Демалыс аймақтары артты. Саф ауа мен жайлы орта көп адамның Астанаға көшу арманына айналып отыр. Әрине, халық санының артуы қала инфрақұрылымына салмақ түсіреді. Ауыз су тапшылығы сезіле бастады. Бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Қазір жаңа су құбырлары тартылып, сорғы-сүзгі станциялары салынып жатыр. Білім беру саласында да үлкен жұмыс атқарылды: соңғы жылдары Астанада 75 мектеп салынған. Бүгінде қалада үш ауысыммен оқытатын мектеп жоқ, — деп жазды ол



