Вице-премьер Астана қаласы Қоғамдық кеңесі жұмысымен танысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен қала әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың Қоғамдық кеңесінің отырысына қатысты. Жиында кеңестің елордадағы білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік қорғау салалары, жалпы қоғамдық бағытта жүргізіп жатқан жұмыстары таныстырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесу барысында Аида Балаева кеңес қызметінің қоғам мен билік органдары арасындағы тиімді диалог алаңы ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қоғамдық кеңес ашық және есеп беретін мемлекеттік саясатты қалыптастыруда, сондай-ақ азаматтардың пікірін ескеретін шешімдерді әзірлеуде маңызды рөл атқарады. Ол қала дамуының негізгі мәселелерін талқылауға жұртшылықтың қатысуы сенімділікті арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Кеңес төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов жылдық қорытындыны баяндап болған соң Аида Балаева кеңес өкілдерінен үкімет деңгейінде шешілетін мәселелер болса ортаға салуын, сұрақтарын қоюын сұрады. Қызметі заңмен нақтыланған үлкен қоғамдық институттардың бірі ретінде вице-премьер бұл кеңестің әлеуетін жоғары бағалағап, жоғарыда аталған бағыттарда түсіндіру, зерделеу, сараптау жұмыстарын жүргізуге белсенді атсалысу керектігін жеткізді.
Аида Балаева өз сөзінде сапалы ұлт қалыптастыру, балаларға бастауыш мектептен бастап дұрыс білім беру, педагогтар біліктілігін арттыру мәселелерін көтерді. «Мәселен, мектептерде білім сапасы артқан болса, репетитордың неге керегі бар?» деп ата-аналар тарапынан шағым айтылады. Сондықтан мектептегі бастауыш сыныптағы білім сапасына мониторинг жүргізіп, соның нәтижесінде шаралар қабылдау керек. Сонымен қатар ол кадр тапшылығы мәселесін алға тарта келе, қазіргі таңда қандай мамандықтар жетіспейді, ЖИ-дің дамуымен қандай қызметтер жойылып кетуі мүмкін, жалпы кадр саласындағы өзгерістерді зерделеуге кеңес мүшелерінің жұмылуы керектігін атап өтті. Сол арқылы Қазақстанда барлық ЖОО-ның жұмысын, бағдарламасын қайта қарау, қандай факультеттерді қалдырып, қайсысын жабу керектігі анықталатынын мәлімдеді.
Қоғамдық кеңестің мүшелері бүгінгі балалардың смартфонға әуестігінен офталмологиялық аурулардың асқынуы, соның алдын алу үшін мектеп жасындағы балалардың гаджет пайдалануына үкімет тарапынан шектеу қою шаралары, тіл, ономастика және басқа да тақырыптарда сауалдарын қойды.



