Ынтасы мен еңбегі бағаланды

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қазақ тілі курсының тыңдаушыларына сертификат тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық залында өткен тағылымды жиында мемлекеттік тілді меңгеру жолында табандылық танытқан тыңдаушылардың бір жылдық еңбегі қорытындыланды. Салтанатты кеш барысында «Руханият» мекемесінің жыл бойы атқарған жұмыстары қамтылған есептік бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты рәсімді Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп құттықтау сөзбен ашып, қазақ тілі курсының тыңдаушыларына сертификаттар мен алғыс хаттар табыс етті. Басқарма басшысы өз сөзінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті.
Іс-шара барысында 70-ке жуық тыңдаушы марапатталып, олардың тіл үйренуге деген ынтасы мен еңбегі жоғары бағаланды. Әншілер Дос пен Эльдана Габерман әсем әндерімен кештің көркін қыздырды. Сондай-ақ «Руханият» мекемесінің басшысы Арман Шеризат тыңдаушыларға сертификаттар тапсырып, мемлекеттік тілді оқыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген орталық ұстаздарына шынайы ризашылығын білдірді. Мазмұнды жиын мемлекеттік тілге деген құрметті арттырып, тыңдаушыларға жаңа серпін сыйлады.



