Білім мен тәрбиенің астаналық үлгісі

Елорданың тұрақты дамуы, ел ішіндегі көші-қон үдерісінің қарқынды жүруі мен туу көрсеткішінің тұрақты артуына байланысты астаналық балалардың саны өсіп келеді. Бас қаламызда жыл сайын 30 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, қосымша 3,5-4 мың бала өңірлерден қоныс аударып келеді екен.
Нәтижесінде қалада 530 мыңға жуық мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мен жасөспірім мектеп оқушылары тұрып жатыр. Қазіргі күні елордадағы 923 білім беру ұйымында (265-і – мемлекеттік, 648-і – жекеменшік) 400 мыңнан астам бала мен жас өрен тәрбиеленіп, білім алуда. Мектепке дейінгі білім беру жүйесі 66281 тәрбиеленушіні қамтып отыр. Қалада барлығы 653 балабақша жұмыс істейді, онда 5 мыңнан астам жоғары білікті педагог қызмет атқарады. Биыл Астанада алғаш рет 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Бұл – ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізудің жемісі. Алдағы басты міндеттің бірі – 2 жастағы балаларға арналған бөбекжай топтарын ашу. Бұл бағытта жекеменшік балабақшалардың әлеуетін іске қосу жоспарлануда.
Оқушыларға орта білім беру бойынша қазіргі уақытта елордада 310 мыңнан астам бала 203 мектепте (122-сі – мемлекеттік, 74-і – жекеменшік және 7-еуі – республикалық) білім алуда. Соңғы үш жылда ең өзекті мәселенің бірі – оқушы орындарының жетіспеушілігі шешілді. Жаңа мектептердің ауқымды құрылысының нәтижесінде үш ауысымда оқыту толығымен жойылды. 2025 жылы екі ауысымдағы 43744 орынға шақталған 14 мектеп (11 мектеп және 3 қосалқы ғимарат) пайдалануға берілді. Оның ішінде 8 мектеп жаңа оқу жылына, 6 мектеп жыл соңына дейін ашылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 22 мектепті жаңарту көзделген, биылдың өзінде 6 мектеп толықтай жаңғырды. Елордада орта білім беру нысандарының құрылысы толастамайды. Мемлекет басшысының ұлттық жобасы аясында салынған «Келешек мектептері» білімпаздарға есігін айқара ашты. Мұнда сапалы білім беру үшін не қажеттінің бәрі бар: заманауи жабдықталған кабинеттер, зертханалар, оқу залы бар кітапхана, телестудия, кең асхана, қауіпсіздік жүйесі. Демек, материалдық-техникалық базаны жүйелі түрде нығайту білім берудің тұрақты дамуын айқындайтын басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Бүгінде дарынды балалармен жұмыс жүйелі түрде жолға қойылған. Қазақстанның ұлттық ТОП-100 рейтингіне елорданың 13 мектебі енгенін де атап өтпеске болмас. Халықаралық және республикалық байқаулар мен олимпиадаларда елордалықтар 500 медаль иеленді, оның ішінде 120 алтын, 194 күміс және 186 қола медаль. Бұл жетістіктер – жас ұрпақтың білімге деген құштарлығы мен табандылығының, ұстаздардың шынайы еңбегі мен ата-аналар қолдауының, мемлекетіміздің білім саласына жасап отырған қамқорлығының айқын көрінісі.
Жас жеткіншектер тек өз мектебінің ғана емес, еліміздің мәртебесін көтеріп, өздерінен кейінгі толқынға үлгі болып жүр. Соңғы үш жылда білім сапасы тұрақты өсім көрсетіп, 2024-2025 оқу жылында 65%-ға жетті (2022-2023 жж. – 60%, 2023-2024 жж. – 62%). 2025-2026 оқу жылындағы тағы бір міндет – барлық мектепті инклюзивті оқытуды қолдау кабинетімен 100 пайыз қамтамасыз ету. Ол – инфрақұрылым ғана емес, әр баланың жүрегіне жол ашатын, тең мүмкіндік орнататын шешуші бастама. Елордалық білім беру жүйесінің алдында ауқымды міндеттерді де атап өту қажет. Бұл – Астананы бүкіл өңірдің білім беру флагманына айналдыруға бағытталған нақты қадамдар.
Тәрбие жұмысы бірыңғай күнтізбе мен мониторингтен бастап мектепті, отбасы мен қоғамды қамтитын бірегей жоба түрінде жүргізілуде. Мектеп парламенттері оқушылардың өзін-өзі басқаруының белсенді орталығына айналды. Театр қойылымдары арқылы маңызды тақырыптар талқылануда. Отбасы негізгі серіктес ретінде қолдау орталықтары мен «Даналық мектептері» жұмыс істеп тұр. Ал мектеп, бала және отбасы ынтымақтастығы тәрбие процесінің тиімділігін арттыруда.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіз ортаны қалыптастыру және оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлескен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қала көлемінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында 159 мыңнан астам оқушы мен 120-дан астам ұйым өкілдерінің қатысуымен 2 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар мектеп оқушылары арасында «Заң мен балалар: қателіксіз болашақ» атты театрландырылған қойылымдар байқауы өтті.
Жаңа оқу жылынан бастап Мәдениет басқармасы қалалық театрлармен бірлесіп, елордалық мектептерде «Бала және театр» жобасын қолға алады. Театр үйірмелері балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, сахна мәдениеті арқылы тәртіпке, өзара құрметке баулиды. Театр өнері рухани құндылықтарға сүйіспеншілікті арттырумен қатар, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын жастар бойына дарытудың тиімді құралы болмақ.
Өскелең ұрпақтың жан-жақты тәрбиесімен бірге білімпаз болуы үшін кітаптың орны бөлек. Осы орайда «Оқуға құштар мектеп» жобасының оң тұстарын айта кеткен дұрыс. Бұл жоба қаланың 37 мектебіндегі (38,2%) кітапханалардың интерьерін қайта жобалауды жаңғыртуға себеп болды. Қалған мектептерде оқырмандарға арналған коворкинг (coworking) аймақтары бар. Кітапханадан басқа, дәліздер мен мектеп фойесінің бос аймағында оқырмандар үшін қолайлы бұрыш ұйымдастырылған. Яғни барлық мектеп оқуға бағытталған 40-тан астам жобамен («Отбасы оқыған бір кітап», «Воokstart», «READx», «Буккроссинг», «Бір сынып – бір кітап», «Бір кітап – бір сурет», «Әжемнің ертегісі» және т. б.) жұмыс істейді, сондай-ақ челлендж, флешмоб, кітап көрмесі, бейнепрезентациялар ұйымдастырылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қосымша білім беру нысандары салынып жатыр. Мәселен, Қ.Мұхамедханов көшесінде орналасқан «Tanym» атты жаңа оқушылар сарайы ашылуға дайын. Сол сияқты келесі жылы тағы 2 «Tanym art» оқушылар сарайы (Ақан сері мен С189 көшелері) және «Tanym sport» оқушылар сарайы (М.Төлебаев көшесі) ашылады.
Жалпылай айтқанда, білім беру жүйесі ақпараттық қоғамда өмірдің әртүрлі саласын, жаһандық өзгерістерді қаперде ұстап дамиды. Яғни мектептегі тәрбие мен білім берудің әлеуметтік жүйесін жетілдіруге арналған жаңа теорияларды, тұжырымдамалар мен ғылыми көзқарастар жүйесін жасауға негіз болды. Осыларды түсіне білген Астана қаласының Білім басқармасы өз жұмысын заман талабына сай ұйымдастырып, ұрпақ тәрбиесі мен білім беруде көшбасшылық орнын айқындауда.
Айгүл УАЙС



