Мәдениет

«Адырна» мерейтойын атап өтті

Ұлттық музейде «Адырна» ұлттық порталының 15 жылдығына арналған «Азат рухтың алдаспандары» атты ұлттық музыка концерті өтті.

Парламент депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысқан іс-шарада алдымен сөз алған «Адырнаның» жетекшісі Арман Әубәкір порталдың жүріп өткен жолына тоқталды. Оның айтуынша, «Адырна» бастапқыда тарихи-этнографиялық бағытты негізге алса, кейінгі 5 жыл көлемінде ақпараттық, қоғамдық-саяси бағытқа бет бұрды. Осы кезде қанаты кеңге жайылып, тынысы ашылды, елге танылды. Бірақ портал ұлттық ұстанымынан айырылмады. «Адырнаның» негізгі миссиясы – қандай жағдай болса да, ұлттық құндылықтарға, еліміздің мәдениетіне, төл өнерімізге, руханиятқа қызмет ету.

Кеш барысында бір топ танымал азамат «Қазақ қыраны» медалімен марапатталды. Атап айтқанда, Қа­зақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік, белгілі жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, Қазақстанның халық әртісі Айтқали Жайымов, жыршы-жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, дәстүрлі әншілер, ұстаздар, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қапаш Құлышева мен Ғалым Мұхамедин, белгілі ақын, «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, әнші, композитор Қанат Айтбаев марапатталды. Төлен Әбдік пен Роза Мұқанова порталдың мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Алмас Алматов жырдан шашу шашты.

Аталмыш портал әртүрлі сала бо­йынша үздіктерді анықтау мақсатында әлеуметтік желілерде сауалнама жүргізген еді. Оларды да марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Кеш барысында ұлттық әуендер әуелеп, мың бұралған би ұсынылды. Соның ішінде Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының әртістері, күйшілер Сәрсенғали Жүзбай, Қайрат Айтбаев, Ардаби Мәулет, әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали мен Ерболат Шалдыбеков, т. б. өнер көрсетті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button