Басты ақпаратМәдениет

Арда туған Ақселеу

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қоғам қайраткері, жазушы, журналист, этнограф, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған «Ұлы даланың дара тұлғасы» атты «Ақселеу оқулары» өтті. Іс-шара университеттің ғылыми кітапханасындағы Ақселеу Сейдімбек атындағы Ғылым залында ұйымдастырылды.

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұйымдастыруымен Ақселеу Сейдімбектің туған айы – желтоқсанға орай өткізілген алқалы жиын аясында жазушының шығармашылық мұрасын танытатын бейнефильм көрсетіліп, көпшілік назарына оның этнографиясы мен музыка саласындағы еңбегіне қатыс­ты деректер ұсынылды. Жас әншілер Ақаң жазған әндерді орындады. Студентер Ақселеу айтқан асыл сөздер мен ақын-жазушы, замандастарының ол жайлы айтқан бағаларынан үзінді оқыды.

Факультет деканы Нұржан Қуантаев Ақселеу Сейдімбектің ұлттық идеяны дамытудағы орнына тоқталып, оның шығармашылығын ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

– 2009 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Ақселеу оқуларының» негізгі мақсаты – Ахаңның университетке сіңірген еңбегін ғана емес, оның қазақ руханиятындағы, әдебиет, журналистика және публицистика салаларындағы айрықша орнын айқындап, оны жас буынға кеңінен насихаттау. Бұл іс-шараның бір ерекшелігі – жыл сайын Ақселеу Сейдімбектің әулеті студенттерге арнайы шәкіртақы тағайындап келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты. Біз бұл оқулардың мазмұнын жыл сайын жаңартып, болашақта бұл жобаны республикалық деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз. Биылғы басқосу ғалымның этнографиясы мен композиторлық қырына арналды, – деді ол.

Ақселеуге арналған биылғы оқудың Ақселеудің композиторлық қырына арналғаны да тегін емес. Артына 12 ән мен 3 күй қалдырған оның көзінің тірісінде «Мен білім алып, оң-­солымды танып, өз болмысымды сезінген сәтте іштей бір-ақ нәрсеге өкіндім: Менен өте жақсы музыкант шығатын еді. Менің бойымдағы музыкалық қабілет басқа қабілеттерімнен әлдеқайда басым екенін сеземін» дегені бар.

Қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Ақселеу Сейдімбектің тұлғалық болмысы ұлт жүрегінде дара адам ретінде таңбаланып қалды. Ақселеу дүниеден озғанда Әбіш Кекілбаевтың: «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Сері қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бәрі қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың қатепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудің орнына кім жүре алады? Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады» деп күңіренгені әне соның дәлелі.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button