
Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында елорданың алдағы 5 жылға арналған даму жоспары қабылданды. Стратегиялық құжат аясында бас қаланың дамуын қамтамасыз ететін негізгі басымдықтар айқындалды. Бұл ретте бәсекеге қабілетті қала, адами капиталды дамыту және қолайлы қалалық орта құру бағыттарына айрықша маңыз беріледі.
Кеше Астана қалалық мәслихатының кезекті сессиясында елорданың алдағы 5 жылға арналған даму жоспары қабылданды. Сессия жұмысына елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.
«2026-2030 жылдарға арналған Астана қаласының даму жоспары «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңға және 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына сәйкес әзірленген. Стратегиялық құжат аясында елорданың өркендеуін қамтамасыз ететін негізгі басымдықтар айқындалды. Біріншісі, бәсекеге қабілетті қала. Оның аясында инвестиция тарту, бизнеске жағдай жасау, халықтың өмір сүру сапасын көтеру. Екіншісі, адами капиталды дамыту. Яғни білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсарту көзделген. Үшіншісі, қолайлы қалалық орта. Бұл ретте экологияны жақсарту, қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыру міндеті тұр.

«Астана қаласын дамытудың басты мақсаты – елорданың бірыңғай контурын қалыптастыру, қалалық қызметтер мен ақпараттық жүйелерді тиімді басқаруды қамтамасыз ететін бірыңғай экожүйеге ықпалдастыру» деді құжатты таныстырған Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов.
Оның айтуынша, қалада бірқатар кластер құрылып жатыр. Оның ішінде инфрақұрылым тартылған және салықтық преференциялары бар арнайы экономикалық аймақ базасындағы өнеркәсіп кластері, көлік-логистика кластері бар. Жалпы алғанда, бұл кластерлердің жалпы өңірлік өнімнің құрылымындағы үлесі соңғы 10 жылда 18 пайыздан 25 пайызға өскен. Ал алдағы 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім өсімін 2 есеге ұлғайтып, оның көлемін 30 трлн теңгеге жеткізу көзделген. Инвестициялар көлемін жыл сайын орта есеппен 1 трлн теңгеге арттыра отырып, жалпы 26,3 трлн теңге тарту, 2030 жылы оны 6,9 трлн теңгеге жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортын арттыру қарастырылған. Бұдан бөлек, білім беру деңгейін көтеру, медициналық көмектің тиімділігін арттыру және әлеуметтік қолдауды ұйымдастыру мәселелері де шет қалмаған. Білім саласында мектептердің жайлылық деңгейін, оқыту сапасын халықаралық стандарттарға жеткізуге ұмтылу бар. Денсаулық сақтау бағытында мекемелер желісін кеңейту де кезек күттірмейтін бастама.
«Халықты әлеуметтік қорғау бөлігінде арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету сапасына және инклюзивті орта құруға қойылатын талаптар күшейеді. Қолайлы орта бағыты бойынша көлік, энергетика, коммуналдық шаруашылық, сәулет, құрылыс және экология салалары қамтылған. Даму жоспарында қаланың теңгерімді құрылысы мен көлік ағынын бейімделген түрде басқару, коммуналдық нысандар қуатын арттыру, жалпы экологиялық жағдайды жақсарту және Астананы басқару үдерістерін цифрландыру жөніндегі көзқарас көзделген» деді Евгений Глотов.
Астана қаласының алдағы 5 жылға арналған даму жоспары қабылданғаннан кейін, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек сөз сөйледі.
Қала басшысының айтуынша, елорда қарқынды өсіп келеді.
«Жыл сайын қосымша 100 мың адам тіркеледі. Қазір ресми түрде қалада 1,6 млн адам тұрады. Жыл соңында нақты халық саны белгілі болады. Миграциядағы азаматтар күн сайын қалаға 200 мыңға жуық азамат келіп жұмыс істейтінін, оқып, емделетінін айтады. Сондықтан қалада жыл сайын әлеуметтік нысандарды дамыту керек» деді әкім.
Қала басшысы жаңа жұмыс кестесінің көлік кептелісін азайтуға қалай әсер етіп жатқаны жайлы да айтты.
Әкімнің айтуынша, кейінгі күндері елордаға қар мол жауып, спорттық және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл қала жолдарында қиындық тудырды.
– Қазіргі ең басты проблема – трафик. Таяу айдың ішінде ЛРТ-ні іске қосамыз. Көптеген жаңа жол салынды. Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылын біршама ұзартуды жоспарлап отырмыз. Ол Мәңгілік ел, Тұран, Қабанбай батыр даңғылдарына жүктемені төмендетеді. Негізгі кептеліс Есіл мен Нұра аудандарында көпір бағытында байқалады. Екі жаңа көпір жобаланып жатыр, – деді шаһар басшысы.
Қала басшысы жұмыс кестесін жылжыту да оң әсерін тигізгенін айтты.
– Әкімдіктің жұмысқа 7:30-да, мемлекеттік органдардың 8:00-де шығуы да өз әсерін тигізіп отыр. Сіздермен кездесуде таңертеңгі сағат 8, 9, 10-да қай көшелердің қанша пайызға босағанын айтып беремін. Қазір мұның бәрі 6:30-7:00-де басталатыны рас. Қалай дегенде де, қалалықтар үшін бағдаршам мен аялдамаларды ескергенде, автобус қозғалысының жылдамдығы орташа есеппен сағатына 23-25 шақырымды құрайды. Қазір қазан-қарашамен салыстырғанда жылдамдықтың сағатына 2,3 шақырымға артқанын көріп отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.



