Дәстүрді туризмге бейімдейік

«Бабаларымыз осыдан 5 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен» деп бәріміз де ауыз құрғатпай айтуға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Бірақ сол ұлы істің жалғасын іспен көрсеткенге келгенде аузымызды қу шөппен сүртеміз. Өйткені сол бабалардың бүгінгі ұрпақтары – қозы көрсе қорқып қашатын, құлын көрсе крокодил көргендей үрпиіп, бұзау көрсе құбыжық көргендей шошитын халге түсті.
Бұрын қазақтың өзі асау, аты жуас еді. Қазір аты асау, халқы жуас. Олай дейтініміз, бүгінде әлем елдері өздерінің ұлттық дәстүрлерін ұтымды пайдаланып, туризмнің басты брендіне айналдырып отыр. Мысалы, Испания халқының әйгілі бұқамен арпалыс дәстүрі (коррида) бүгінде миллиондаған турист тартатын ұлттық шоуға айналған. Бұқаның алдындағы батылдықты, ержүректілікті дәріптейтін мұндай дәстүр елдің рухын, мінезін әлемге паш етіп тұр. Ал Жапония ежелгі самурай дәстүрін, кимоно кию, шай ішу, икебана жасау мәдениетін туризмнің ажырамас бөлігіне айналдырды. Күншығыс елінің тарихын, рухын, тектілігін көргісі келген адам сол дәстүрлерді көру үшін арнайы сапар шегеді. Моңғолия да өз мәдениетінен бренд жасай алған мемлекеттің бірі. Онда жыл сайын өтетін «Наадам» фестивалі – ат жарыс, күрес және садақ атудан тұратын ұлттық ойындардың көрінісі. Бұл мерекеге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келеді. Олар көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп, даланың рухын сезінеді. Сондықтан шынайы туризмді дамытқымыз келсе, қазақтың асауды үйрету, жылқыға шалма салу, арқан лақтыру, теңге ілу мен жамбы ату дәстүрін заманауи шоуға бейімдеп, туристерді қызықтырып ақша табайық. Енді бір жағынан ол қазақтың жауынгерлік дәстүрін жандандырғанымыз болмақ. Егер қазақтың ат үстіндегі осы ойындары шоуға айналып, туризмге бейімделсе, онда ата-бабамыздың ат үстінде баласын жауынгерлікке тәрбиелеу дәстүрі қайта тірілер еді. Балаларымыз әскерге барудан да қашпас еді, бала кезінен ерлік пен батылдықтың не екенін өз көзімен көріп, бойына сіңіріп өсер еді. Сондықтан асауды жуасыту жарысын жыл сайын ұлттық деңгейде ұйымдастырып, оған шетелдік туристерді тарту нағыз рухани және экономикалық серпіліс болмақ.
Мысалы, АҚШ, Канада және Бразилия сияқты елдерде родео фестивальдері арқылы жыл сайын жүздеген миллион доллар пайда түседі. Айталық, Канада жыл сайын өткізетін Calgary Stampede атты халықаралық родео фестивалі арқылы өз мәдениетін әлемге паш етеді. Онда асау атқа міну (Bronc Riding), бұқаға міну (Bull Riding), арқан тастау және ковбой жарысы өтеді. Бұл іс-шара арқылы олар жыл сайын 4 миллионнан астам туристі тартады. 2019 жылы Calgary Stampede-тің жалпы экономикалық әсері – 282 миллион канадалық доллар (CAD), оның ішінде Калгари қаласының тікелей кірісі – 227 миллион CAD. Бұл қаржы, негізінен, қонақүй, тамақтану, тасымал, кәдесый және билет сатудан түскен. АҚШ-тағы ең әйгілі родео жарысында да сондай пайда әкелген. Былтырғы есеп бойынша бұл іс-шараның экономикаға әсері 326,4 миллион АҚШ доллары (USD) деп бағаланған. Бразилия мен Мексикада да солай, родеоның ұлттық нұсқасы – Charreada арқылы милиондар тауып отыр. Ендеше, қазақ, неге осы жолды жалғастырмасқа?..
Шапағат ӘБДІР



