1 теңге тұратын дәретхана

Астана қаласының Кенесары мен Мамбетов көшелерінің қиылысында Арбатты абаттандыру жұмыстары аясында жаңа үлгідегі заманауи модульді дәретхана орнатылды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұл нысан тәулік бойы жұмыс істейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңа дәретханаға кіру құны бар болғаны 1 теңге, төлем QR-код арқылы жүргізіледі.
Модульді дәретхананың ең ерекше тұсы — кабина қабырғаларының мөлдір әйнектен жасалуы. Тұрғындар әйнек дәретханадан бәрі көрініп тұрады ғой деп алаңдағанымен есікті ішінен жапқан кезде әйнек автоматты түрде күңгірттенеді. Яғни жеке кеңістік пен құпиялылық үшін алаңдамасаңыз болады.
Ішкі кеңістігі де жайлы ойластырылған: ата-аналардың қолайлылығы үшін сәбилерді киіндіретін үстелдер бар. Нысан үш бөлек кабинадан тұрады: әйелдерге арналған, ерлерге арналған және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған кеңейтілген кабина. Дәретхананы қолдану ережесі, сұрақтар бойынша хабарласуға болатын номер көрсетілген тақтайша да бар.
Дәретхана ішін тазалау күніне 7 рет жүргізіледі. Бұл — қалада санитарлық нысандарды қолжетімді етудің тиімді шешімі. Жаңалықты алғаш естіген тұрғындар қуанып, қолжетімді осындай қоғамдық дәретханалардың көбеюін қалайтынын жеткізуде.



