Қоғам

Мемлекеттік қызмет мәселелері талқыланды

Астана қаласындағы Достық үйінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған «Мемлекеттік қызмет: ашықтық, тиімділік және сенім» атты конференция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты -мемлекеттік қызметшілер арасындағы сабақтастықты нығайту, кәсіби тәжірибе алмасу, мемлекеттік қызметтің құндылықтарын насихаттау және жас мамандардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Конференцияны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Қабдығалиұлы Жолданғар мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары адалдық, жауапкершілік, кәсібилік және халыққа қалтқысыз қызмет ету екенін атап өтті. Ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалары мен Әдеп кодексіне сәйкес, әрбір мемлекеттік қызметші өз жұмысын жоғары жауапкершілікпен атқарып, қоғам сенімін ақтауы, өз мамандығын құрметтеп, қызметін шынайы сүйіспеншілікпен атқаруы қажеттігін айтты.

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Антикоррупциялық комплаенс қызметінің жетекшісі, департамент жанындағы «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының мүшесі Қайыржан Ахметбекұлы Токушев «Мемлекеттік қызметтегі тәжірибе және кәсіби құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, тіл мәдениетінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол көпшілік алдында сөйлеуге тыңғылықты дайындықпен шығу қажеттігін айтып, қазақ тілінің байлығы мен тілдік қатынастың маңызын мысалдар арқылы түсіндірді. «Тілдік қатынас тек сөйлеумен шектелмейді. Ол — ойлау, сөйлеу, пайымдау, тыңдау, түсінісу, айту және пікірлесу. Қазақ тілінің байлығы осыдан көрінеді»,  деп атап өтті. Сонымен қатар, жастарға «Адал қызмет — абыройдың айнасы, адал қызмет етсеңіздер, абыройдың биігінде боласыздар» деген өнегелі сөзін арнады.

Астана қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Амантай Ғалымжан Амантайұлы «Мемлекеттік қызмет — сенім және жауапкершілік алаңы» тақырыбында баяндама жасап, мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен әдеп нормаларын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ол мемлекеттік қызметші әрдайым кәсіби біліктілікпен қатар, жоғары мәдениет пен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, халықпен қарым-қатынаста сыпайылық пен парасаттылық танытуы қажет екенін атап өтті.

Баяндамашы «Кісі көркі — киім, сөз көркі — әдеп» деген нақыл сөзді негізге ала отырып, қызметкердің сыртқы келбетімен қатар, сөйлеу мәдениеті, адамдармен қарым-қатынасы, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы оның шынайы келбетін айқындайтынын айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет — халық сеніміне негізделген ерекше жауапкершілік алаңы екенін, сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші адалдық, әділдік, ашықтық және кәсібилік қағидаттарын берік ұстанып, қоғам сенімін ақтай білуі керектігін жеткізді.

Мемлекеттік қызмет саласының орта буын өкілі, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары — Айгерім Әбдіғалиқызы Тәңірбергенова «Тәжірибе алмасу және меритократия қағидаты» тақырыбында баяндама жасады. Ол меритократия ұғымына тоқталып, адамның мансаптық өсуі шыққан тегіне немесе материалдық жағдайына емес, оның біліміне, қабілетіне және еңбек нәтижесіне негізделуі тиіс екенін айтты. Меритократия қағидатын 1)дағды  2)тәжірибе 3)біліктілік  4)нәтиже  5)таным 6)көшбасшылық 7)жоғарғы қақпаға қарай -мансаптық өсу, жетісті деп осылай тізбек арқылы түсіндірді. Сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар, Орта Азия мемлекеттерімен және Қытайдың Сиань қаласымен адам ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі тәжірибе алмасу мәселелері туралы баяндады. Ол мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа заңдар жас мамандарға мемлекеттік қызметке ашық әрі тиімді жолмен келуге мүмкіндік беріп, меритократия қағидаты негізінде мансаптық өсуге жағдай жасайтынын атап өтті.

Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, Өңірлік кадр резервінің мүшесі — Ерназаров Асет Сагитович «Мемлекеттік қызмет — жастар үшін мүмкіндік алаңы» тақырыбында баяндама жасап, мемлекеттік қызметтің жастар үшін кәсіби дамуға, ел игілігіне қызмет етуге және көшбасшылық қасиеттерді дамытуға мүмкіндік беретін маңызды сала екенін айтты.

«Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебінің түлегі, жас маман, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жұртшылықпен жұмыс басқармасының сарапшысы, «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің» түлегі Заңғар Нұрымұлы Қалдыбаев «Жаңа буын: цифрлық дәуірдегі мемлекеттік қызмет» тақырыбында баяндама жасады. Ол қазіргі кезеңде цифрландыру, жасанды интеллект және жаңа технологиялардың мемлекеттік басқару жүйесіне ықпалы артып келе жатқанын атап өтті. Мемлекеттік қызметшілер үшін цифрлық сауаттылық, үздіксіз білім алу, азаматтарға бағдарлану, жауапкершілік пен адалдықтың маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар, жасанды интеллект мемлекеттік қызметшінің орнын алмастырмайтынын, керісінше, оның тиімді көмекшісі болатынын жеткізді. Баяндама соңында Жүсіп Баласағұнның «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде» деген қанатты сөзін келтіріп, мемлекеттік қызметтің басты мақсаты — халыққа адал қызмет ету екенін атап өтті.

Конференция мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе алмасуға, кәсіби құндылықтарды дәріптеуге және жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған мазмұнды іс-шара болды.

Ұлжалғас ӘБДІҚАДЫР,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button