Мәжілісте жатақханаға орналастырудың жаңа жүйесі талқыланды

Мәжілісте Respublica фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Талқылаудың басты тақырыбы — студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы. Депутаттар мен сарапшылар ресми статистика мен нақты жағдай арасындағы айырмашылықты, студенттердің жалдамалы баспанаға жұмсайтын шығынын және мәселені шешудің ықтимал жолдарын талқылады.
Жатақхана жетпесе, студент қайда барады?
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Астана, Алматы және бірқатар өңірлердегі студенттік жатақханаларды аралап, жағдаймен танысты. Оның айтуынша, мәселе ресми есептерде көрсетілгеннен әлдеқайда күрделі.
Бүгінде Қазақстанда 678 мың студент білім алады. Оның 364,5 мыңы — басқа өңірден келген жастар. Ресми дерек бойынша, жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 115,6 мың адамды құрайды. Соның ішінде 95,3 мыңы ғана орынмен қамтылған. Яғни кемінде 20 мың студент жатақханасыз қалып отыр.
Алайда бұл көрсеткіштер де жағдайдың толық көрінісін бере алмайды.
«Көптеген жоғары оқу орындарының студенттерді екінші курстан бастап пәтер жалдауға мәжбүр. Соның салдарынан жастар жертөледе, жартылай жертөледе немесе уақытша баспаналарда тұруға мәжбүр. Алматыда қарапайым пәтерді жалдау құны айына 140 мыңнан 270 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл көптеген отбасы үшін ауыр салмақ. Жыл сайын 60 мыңнан астам студент оқу ақысы мен баспана шығынының арасында таңдау жасауға мәжбүр болады», — деді Нұргүл Тау.
Бизнес салуға дайын, бірақ төлем кешігеді
Ғылым және жоғары білім министрлігі де мәселенің өзектілігін мойындайды. Ведомство аппаратының басшысы Мадияр Қожахметтің айтуынша, соңғы сегіз жылда 281 жатақхана салынып немесе күрделі жөндеуден өтіп, 72 мыңнан астам жаңа орын пайдалануға берілген. Соған қарамастан, әсіресе ірі қалалардағы орын тапшылығы әлі де сақталып отыр.
Отырыс барысында студенттік жатақхана салуға қаржы құйып жүрген кәсіпкерлер де өз мәселелерін көтерді. Құрылыс компанияларының өкілдері мемлекеттік қолдау тетіктері болғанымен, төлемдердің кешігуі жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіріп отырғанын айтты.
Мәселен, 500 орындық жатақхана салған инвестор мемлекеттен тиесілі қаржыландыруды алты ай бойы күткен. Соның салдарынан инвестициялық қаражат айналымнан шығып, жобаның тиімділігі төмендеген.
Қолданыстағы жүйе бойынша кәсіпкер жатақхана салады немесе ғимаратты қайта жаңғыртады, ал мемлекет әрбір төсек-орын үшін жыл сайын төлем жасап отырады. Бұған қоса жеңілдетілген несиелер мен коммерциялық инфрақұрылым орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Алайда іс жүзінде қаржыландырудың кешігуі бизнес үшін негізгі тәуекелдердің біріне айналып отыр.
Respublica ұсынған жеті бастама
Фракция мәселені жүйелі түрде шешуге бағытталған жеті ұсыныс әзірледі.
Біріншісі — студенттерге арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу. Цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев бұл бастаманы қолдап, студент жатақханадағы орнын ұшақтағы орын секілді өзі таңдай алуы тиіс екенін айтты.
Екіншісі — жоғары оқу орындарының тиімділік көрсеткіштеріне жатақханамен қамту деңгейін енгізу. Бұл көрсеткіш лицензиялау және мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде ескерілуі мүмкін.
Үшіншісі — жатақхана салатын университеттерге корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер беру.
Төртіншісі — құрылыс салушылар үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жаңа ынталандыру шаралары. Атап айтқанда, нөлдік ҚҚС мөлшерлемесі, мүлік салығынан 10 жылға босату және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жылдық 2,5 пайызбен қаржыландыру.
Бесіншісі — жатақхана құрылысына арналған жер телімдерінің бірыңғай тізілімін жасап, оларды ұзақ мерзімге жеңілдетілген шарттармен беру.
Алтыншысы — халықаралық PBSA моделін енгізу. Бұл жүйеде студенттік тұрғын үй инвестициялық актив ретінде қарастырылады және АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур секілді елдерде өз тиімділігін дәлелдеген.
Жетіншісі — студенттік тұрғын үйдің ұлттық стандартын әзірлеу. Құжатта бөлме аумағына, қауіпсіздік талаптарына, интернет сапасына және тұрмыс жағдайына қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді.
Кезек пен таныстықтың орнына — цифрлық жүйе
Отырыста «Alma Valley» компаниясының бас директоры Азамат Мұратов UniDorm 2.0 платформасының мүмкіндіктерін таныстырды.
Оның айтуынша, жаңа жүйе студентке бірнеше минут ішінде бөлмені онлайн таңдауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект әлеуметтік жеңілдіктерге қатысты құжаттарды автоматты түрде тексеріп, адам факторын барынша азайтады.
«Машина пара алмайды», — деді ол.
Платформадағы турникеттер жатақханада нақты тұрып жатқан студенттерді тіркеп отырады. Егер студент ұзақ уақыт бойы жатақханада көрінбесе немесе өз орнын басқа адамға берсе, жүйе оны автоматты түрде анықтай алады.
Өз тәжірибесімен Satbayev University де бөлісті. Университеттің проректоры Сапар Шалабаевтың айтуынша, Dormitory жүйесі кезектің қозғалысын нақты уақыт режимінде көрсетеді, тәртіп бұзушылықтарды тіркейді және қауіпсіздік жүйелерімен біріктірілген. Қазіргі уақытта университет жеке инвесторлармен бірлесіп, жалпы сыйымдылығы 1500 орын болатын екі жаңа жатақхана салып жатыр.
Болашаққа салынған инвестиция
Отырысты қорытындылаған Respublica фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров студенттік тұрғын үй мәселесін әлеуметтік емес, стратегиялық міндет ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
«Егер біз бүгін жастарға сапалы білім алуға жағдай жасамасақ, ертең білікті маман тапшылығына шағымданудың мәні болмайды. Жатақхана — бұл қайырымдылық емес, елдің болашағына салынған инвестиция», — деді ол.
Respublica фракциясы көтерілген ұсыныстарды заңнамалық бастамалар деңгейіне шығарып, оларды Үкіметпен бірлесіп пысықтауды жоспарлап отыр.Respublica партиясының баспасөз қызметі



