Басты ақпаратҚала мен сала

Қала тазалығы – қадағалауда

Елордаға қар жауғалы қала тазалығын қамтамасыз ету үшін күні-түні күш жұмылдырылып жатқанын көріп жүрміз. Біршама техника мен жүздеген жұмысшы ауа райының қолайсыздығына қарамастан қар күреп, мұз ойып жүр. Бұл жайлы «Астана Тазалық» ЖШС өндіріс-техника бөлімінің жетекшісі Ержан АЙТМАХАНҰЛЫМЕН әңгімелескен едік.

– Осы мезгілде тазалық қыз­меткерлері қаланың жер-жерін тазалап, техникалар үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте «Астана Тазалыққа» артылған жүктеме қандай?

– Қазір «Астана Тазалық» мекемесінде күн сайын елорданың тыныштығы мен тәртібі үшін тер төгіп жүрген шамамен 1500 қызметкер бар. Соның ішінде 700-ге жуық адам – қала қозғалысын тоқтатпай, әрбір ауланы, әрбір көшені дер кезінде тазартатын кәсіби жүргізушілер. Яғни көлік жүргізушілері. Ал 300-ден астамы – ауа райының қолайсыздығына қарамай, таңғы алғашқы қар ұшқынынан бастап соңғы қоқымға дейін тазалайтын жол жұмысшылары.

Біз елорданың жалпы аумағының 40 пайызына жуық бөлігін қамтып, 207 көшені және 370 шақырымға созылған автомобиль жолдарын үздіксіз тазартып отырамыз. Бұған қоса, 12 миллион 400 мың шаршы метрді құрайтын ауқымды аумақтың тазалығы – біздің күнделікті міндетіміз.

1 қарашадан бастап мекемедегі барлық жұмысшыға бір мезгіл ыстық тамақ берілуі жолға қойылды. Бұл – ауыр еңбек етіп жүрген қызметкерлерге көрсетілген қамқорлықтың бір белгісі. Әсіресе қала ішінде тұрмайтын, алыстан қатынап жұмыс істейтін жол жұмысшылары үшін мекеме арнайы тасымалдауды ұйымдастырып отыр. Барлық қызметкерге қажетті арнайы киім, құрал-жабдық толықтай уақытында беріліп, олардың қауіпсіздігі мен жұмыс жағдайы барынша қамтамасыз етіледі.

Биыл 1 қазан – «Астана Тазалық» күніне орай әр қызметкерге 300 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Бұл да еңбектің еленуі, маңдай тердің қадірі бар екенін көрсеткен жақсы үрдіс. Ал 3 қарашадан бастап Астанада қар мен жаңбыр аралас жауынның түсуі мекеме жұмысына айтарлықтай салмақ салды. Соған қарамастан мекеме қарамағындағы шамамен 400 арнайы техниканың басым бөлігі күні-түні жұмыс істейтін режимге көшті. Бір ауысымда орта есеппен 300-ге жуық техника жол қауіпсіздігі мен тазалығын қамтамасыз ету үшін жұмысқа шығады.

Қосымша күш ретінде мердігер компаниялардан тағы да арнайы техникалар тартылып, шамамен 250 қызметкер қолдау көрсетті. Бұл – елорданың күзгі-қысқы кезеңдегі күрделі ауа райына қарамай, қала тіршілігінің тұрақты жүруі үшін жасалған ортақ жауапкершілік.

– Техника және жаңарту жұмысы қалай жүргізілуде? Жұмыс процесін оңтайландырған тәсіл бар ма?

– «Астана Тазалық» ЖШС бүгінде қала тазалығын қамтамасыз ететін шамамен 400-ге жуық техниканы басқарады. Елорданың ауа райы күрт құбылатын кезеңдерінде де үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін негізгі күш. Биыл мекемеміз 24 жаңа техникамен толықты, ал келер жылы тағы 20-дан астам заманауи техника алынады деп күтілуде.

Қолданыстағы техникалардың ішінде Mercedes маркалы қар тазалайтын машиналар ерекше орын алады. Олар – қыстыгүні көшені қардан тазалап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі құрал. Айтулысы, осы маркалы машиналардың 2004-2005 жылдары алынған 10 бірлігі әлі күнге дейін саптан шықпай, жұмысын тоқтатпастан қызмет етіп келеді. Сонымен қатар тротуарлар мен жаяу жүргінші аймақтарын тазалауда «Пони» деп аталатын шағын маневрлі техникалар да толықтай жұмылдырылған. Қала көшелерінің тар әрі күрделі учаскелерінде дәл осы шағын техникалардың рөлі ерекше.

1 қарашадан бастап мекеме қызметін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам жасалды – «Электронды жол» жүйесіне толықтай ауыстық. Бұл жүйе әр қызметкердің жұмыс уақытын автоматты түрде есептеп, еңбек тәртібін нақты бақылауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы, медицина бөлімімен интегралданған жүйе жұмысшының денсаулығын да бақылайды: егер адам өзін жайсыз сезінсе немесе медицина тексерісінен өтпесе, жүйе оны жұмысқа шығармайды. Жұмысшы жұмысына небәрі 5 минут ішінде QR-код немесе Face ID арқылы тіркеле алады. Бұл – уақытты үнемдеп қана қоймай, адами фактордан туындайтын қателіктерді жоятын тиімді шешім. Сондай-ақ «Тазалайық» атты цифрлық бағдарлама техниканың база аумағынан шыққан сәттен бастап оның қозғалысын онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Қай жерде қандай жұмыс атқарылды, қандай техника қай бағытта жүр – бәрі цифрлық картамен белгіленеді. Мұның бәрі мекеме жұмысын толық ашық, жүйелі және бақылауға ыңғайлы етті.

– «Астана Тазалық» халық­аралық тәжірибедегі құралдарды қолдана ма?

– Қызметкерлеріміздің ба­сым бөлігі – 40 жастан асқандар. Олар жылдар бойы жинаған тәжірибесімен «Астана Тазалықтың» берік тірегіне айналды. Дегенмен мекеме тек тәжірибеге сүйеніп қана қоймай, жас мамандарды тартуды да белсенді қолға алып келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары жаңа буын қызметкерлердің қарасы көбейіп, ұйым ішіндегі кәсіби сабақтастық күшейіп отыр.

Өткен жылы мекеменің барлық командасына жан-жақты оқу сабақтары өтіп, жұмысшылардың кәсіби деңгейін арттыруға үлкен көңіл бөлінді. Бұл қатардан басшылық та шет қалған жоқ. Тіпті мен де үнемі білімімді жетілдіріп, әлемдік тәжірибелерді зерттеп, жұмысымды жаңа қырынан жетілдіру үстіндемін.

Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жария­ланғаны белгілі. Осыған орай, оқу маусымы басталғалы бері аптасына кем дегенде бір рет «Астана Тазалық» мекемесіне мектеп оқушылары мен колледж студенттері келіп, біздің техникалық базамен, жұмыс бағыттарымен танысып қайтады. Оларға қала тазалығын ұстап тұрудың қандай жүйемен жүзеге асатынын, күнделікті еңбектің көзге көрінбейтін қырларын көрсетеміз. Өздері үшін бұл кішігірім экскурсия болса, біз үшін кәсіби бағдар берудің, болашақ мамандарды ынталандырудың бір жолы.

2024 жылы әкімдік мамандарымен бірлесіп біздің қыз­меткерлер Еуропа елдеріне барып, саладағы озық техника мен инновация тәсілдерімен танысып келді. Ол сапар тек теориялық білім емес, нақты нәтижелерге де жол ашты. Көрген, зерделеген техникалардың бірнеше түрі кейіннен сатып алынды. Сол жылы біздің жүргізушілер Еуропа чемпиона­тына қатысып, өз қабілетін халықаралық деңгейде сынап, тәжірибе алмасты.

Жуырда ғана «Астана Тазалық» жұмысшылары қала әкімдігінің қызметкерлерімен бірге Қытайға барып, қаладағы шаруашылық саласында қолданылатын жаңа технологиялармен танысып қайтты. Мұндай іссапарлар жыл сайын тұрақты түрде өтіп келеді және әлемнің озық тәжірибесін елге алып келуге нақты мүмкіндік береді.

Барлық бастама мен жоспар қала әкімдігі қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Біздің басты мақсат – Астананы таза, қауіпсіз, жайлы қала ретінде дамыту, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру. Қызметкерлерге жағдай жасау, техниканы жаңарту, цифрлық жүйелерді енгізу – осы жолдағы күнделікті атқаратын жұмысымыздың ажырамас бөлігі.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button