«Таза Қазақстан»: жастарға арнаған дәріс

Астананың Кәсіптік-техникалық колледжінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Болашақ ұрпақ үшін табиғатты сақтайық: экологиялық жауапкершіліктің маңызы» тақырыбында дәріс өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін, жауапкершілігін және азаматтық ұстанымын қалыптастыруды мақсат тұтқан іс-шара Нұра ауданы әкімдігімен және ауданның ардагерлер кеңесімен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылды.
Аталған кездесуде Нұра ауданының ардагерлері Марал Үсенова, Үміт Сүлейменова, Асылхан Хасенова, Гүлжанат Шекербаевалар сөз сөйлеп, студенттерге қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, туған жердің, өмір сүріп жатқан қаланың тазалығын сақтаудың маңыздылығы жөнінде әңгімелеп берді.
«Білім алушыларды экологиялық жауапкершілік бағытында тәрбиелеу мақсатында колледжде кешенді шаралар атқарылады. Ол жұмыс қалалық және аудандық экологиялық сенбіліктерге қатысумен шектелмейді. Одан бөлек тақырыптық семинарлар, дәрістер, қоғамдық өкілдермен және ардагерлермен кездесулер тұрақты түрде өткізіледі. Қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі түсіндіру жұмысы жүйелі жүргізіледі.
Практикалық дағдыларды дамытуға ерекше мән беріледі. Студенттер көгалдандыру, аумақты абаттандыру, экологиялық бұйымдар дайындау, волонтерлік жұмыс сияқты нақты жобаларға белсенді қатысады. Мұндай көпқырлы жұмыс экологиялық тұрғыдан сауатты, әлеуметтік жауапты, туған қаласының тазалығына нақты үлес қоса алатын жас буынды қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді колледждің ардагері, әлеуметтік педагог Жеңіс Ұлтарақов.
Айта кетейік, экология тақырыбындағы дәрісті 70-тен астам студент тыңдады. Олар тек тыңдаушы ретінде ғана қатыспай, өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасып, іс-шараға белсенді атсалысты.



