Қала мен сала

Астанада шығармашылық ұжымдар экоакцияға қосылды

Астанада республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жастар» сарайының концерттік ұжымдары сенбілікке қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара барысында мекеме қызметкерлері «Жастар» сарайының аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар қыс мезгілінен кейін жиналған қалдықтарды жинап, аумақты ретке келтірді, сондай-ақ ағаш отырғызу жұмыстарына атсалысты.

«Таза Қазақстан» акциясы қоғамдық кеңістікті таза ұстау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Мәдениет саласы өкілдерінің мұндай іс-шараларға қатысуы – қаланың тазалығы мен жайлылығына үлес қосумен қатар, қоғамға ортақ іске жауапкершілікпен қараудың нақты көрінісі.

«Жастар» сарайының директоры Қуаныш Кәрімхановтың айтуынша, тазалықты сақтау мен қоршаған ортаға жанашырлық таныту әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы қажет.

«Бүгін «Жастар» сарайының ұжымы республикалық «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, ортақ іске өз үлесін қосып жатыр. Біз үшін мұндай жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу маңызды. Себебі тазалық – бір күндік науқан емес, күнделікті мәдениет, ортақ жауапкершілік. Қаламыздың көркеюі мен қоғамдық кеңістіктің таза болуы әр адамның жеке ұстанымынан басталады. Осындай нақты істер арқылы біз жас ұрпаққа, туған қалаға, қоршаған ортаға құрметпен қараудың үлгісін көрсетуіміз керек», – деді «Жастар» сарайының директоры Қуаныш Кәрімханов.

Сенбілікке шығармашылық ұжым өкілдері де белсенді қатысты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Алтын Махамбет мұндай бастамалардың қоғамдық маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгін ұжым болып сенбілікке қатысып жатырмыз. Аумақты ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізудеміз. Мәдениет саласының өкілдері ретінде біз тек өнер арқылы ғана емес, күнделікті нақты істеріміз арқылы да қоғамға үлгі болуымыз керек. Қоршаған ортаны таза ұстау, айналаны көркейту – бұл әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. «Таза Қазақстан» акциясы тазалық мәдениетін қалыптастырып, елге, жерге деген жанашырлықты арттыратын маңызды бастама деп санаймын», – деді Алтын Махамбет.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті нығайтуға, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға және тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауын қалыптастыруға бағытталған.

Мәдениет мекемелерінің акцияға қатысуы тазалық пен тәртіптің күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін көрсетеді. Мұндай іс-шаралар елорда тұрғындары арасында ортақ кеңістікке құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button