Басты ақпаратРуханият

Мұхтар мұрасы – алтын қазық

Елордада «Мұхтар Әуезов мұрасы: ұлт руханиятының алтын қазығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны заңғар жазушының аты берілген №86 мектеп-гимназияда Астана қаласының Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық және аталмыш орта білім беру ошағы ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылар конференция қатысушылары мен қонақтарын «Дарынымен бас идірген драматург», «Алаш жолын жалғаған қайраткер», «Ұлы дала мәдениетінің жаршысы», тағы да осы сияқты классик қаламгерді әр қырынан ашатын, бейнелеу өнері туындылары қойылған «Қазақты танытқан Әуезов әлемі» атты көрмемен қарсы алды. Оқушылар заңғар жазушының «Еңлік-Кебек» ­пьесасынан үзінді көрсетті.

Алғашқы сөзді алған Оқу-­ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Мұхтар Әуезов мұрасы халқымыздың рухани әлемінің биік шыңы екенін, оның шығармалары арқылы ұлт тарихын, мінезін, адамгершілік пен ізгілік ұстанымдарын танитынымызды атап өтті.

М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия директоры Гүлмира Оразбекова бұл конференцияның маңызына тоқталды. Әуезов шығармалары әр адам баласына үлгі-өнеге болатынын айтты.

«Әуезов әлемі тек әдебиет әлемі емес, бұл – адамгершілік, әділет, рух пен парасат мектебі. Оның тағылымы арқылы тұлғаны қалыптастыру – ортақ міндетіміз» деді мектеп басшысы.

Жиынның пленарлық отырысын жүргізген ҰҒА академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы Мұхтар Әуезовтің Алаш қайраткерлерімен байланысы туралы сөз сабақтап, Қаныш Сәтбаевтың «Абай жолы» эпопеясы – қазақ өмірінің эн­циклопедиясы», Ғабит Мүсіреповтің «Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетін ренессанс деңгейіне көтерді», Шыңғыс Айтматовтың «Абай жолы» – көркемдік, әлеуметтік энциклопедиямыз, біздің ортақ мандатымыз» деген сөздерін еске алды. «Смағұл Сәдуақасұлы және Мұхтар ­Әуезов: Алаш жолындағы мүдде­лестік» тақырыбында баяндама жасады.

Белгілі абайтанушы, әуезов­танушы, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Мұхтар Әуезов жайлы 7 кітап жазған Тұрсын Жұртбай «Абай жолы» романындағы тарихи және көркемдік шындық мәселелеріне тоқталды.

«Қазақ топырағында қара сөзден көркем ойды жеткізуде Әуезовтен асқан ешкім жоқ. «Мына тар заман менің сорыма сені берді» деп Абайдың аузына салған Мұхтар Әуезов­тің сөзі – Әуезовтің өзін айтып отыр­ғаны. «Абай жолына» Алашты кіргізіп, сол үшін өмірінен ­айырыла жаздаса да, Әлиханды Әзімхан деп енгізді. Жағымсыз образ арқылы әйтеуір Алашты көркем санаға кіргізу деген ойы болды. Көркем шындық – барлық өмірлік шындықтың қоспасы. Өмірлік оқиға біткен жерден көркем шығарма бас­талады. Құнанбайдың иығына шыққан сайын Абай бейнесі биіктей береді» деген Тұрсын Жұртбай Әуезовтің «Абай жолын» жазудағы мақсатына, сондағы кейіпкерлердің шын өмір мен шығармадағы бейнелеріне тоқталды.

Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының ­лауреаты Толымбек Әбдірайым Мұхтар Әуезов әңгімелерінде көтерілген қоғамдағы рухани дағдарыс пен адамдық, ізгілік мәселесі туралы ойын жеткізді. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы Ахмет Байтұрсынұлы «Абай – қазақтың бас ақыны» мақаласын, Әлихан Бөкейхан Абайдың некрологын жазғанмен, абайтанудың негізін Мұхтар Әуезов қалағанын, «Абай жолымен» ғана емес, «Қорғансыздың күні», «Қараш-­Қараш оқиғасы», «Қаралы сұлу», «Оқы­ған азамат» шығармаларымен де қазақ әдебиетін әлемдік классикалық деңгейге көтергенін ерекше атап өтті.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер Мұхтар Әуезов шығармалары негізінде құндылыққа бағдарланған білім беру, осы академияның Орта білім мазмұны институтының ғылым хатшысы Жанбота Есеп­бай Әуезов шығармалары арқылы білім алушыларды ұлттық болмысты танытуға ­баулу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Риза Әлмұхан кеңестік дәуірдегі тарих пен әдебиетті оқытқанда, қазақтың творчестволық интеллиген­циясын бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын айта келе, Халел Досмұхамедұлы мен Мұхтар Әуезовтің байланысы туралы баяндады.

М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияға «Алматыкітап» баспасынан шыққан «Көксерек» кітабы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты шығарған кітаптар сыйға тартылды. Аталмыш мектеп пен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер ­институтының Астана фи­лиалы арасында меморандумға қол қойылды. ҰҒА академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы бастаған бір топ азамат «Мұхтар Әуезов» медалімен марапатталды. Ғылыми жиын секциялық отырыстарға ұласты. Кеше бұл конференция Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде жалғасса, бүгін Жидебай және Бөрілі ауылдарында өтеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button