Басты ақпаратСараптама

Қаржы орталығының қайтарымы қандай?

Ел экономикасын әртараптандырып, шетелден инвестиция тарту, халықаралық қаржы қатынасын нығайту, аймақтық қаржы хабын қалыптастыру және заманауи қаржы инфра­құрылымын жетілдіру – уақыт талабы. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Астана халық­аралық қаржы орталығы (АХҚО) сияқты ірі қаржы институттарының құрылуы – ел дамуының стратегиялық баспалдағы. Мұндай орталықтар Қазақстанды жаһандық қаржы кеңістігімен байланыстырып қана қоймай, ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілетін арттыруға зор үлес қосады. Сондықтан Астана халықаралық қаржы орталығында бизнесті жүргізу үшін бірегей жағдай ұсынылған.

Кіріс пен шығыс көзі не?

Жалпы АХҚО-ның қаржыландыруы мен шығыстары туралы ақпарат ашық әрі қолжетімді. Орталықтың бюджетіне қатысты деректер жыл са­йын Қазақстан Республикасының ­республикалық бюджеті құрамында жарияланып отырады.

АХҚО-ның басты мақсаты – заманауи қаржы инфрақұрылымын қалыптастыру, қор нары­ғын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және ел экономикасына инвестиция тарту. Оның қызмет моделі мемлекеттік даму институттарының жұмысына ұқсас: министрліктер саясатты қалыптастырса, АХҚО бизнес-белсенділікті арттыруға, капитал нарығын дамытуға және инвестиция экожүйесін құруға жағдай жасайды.

Орталықтың негізгі қар­жыландыру көзі – мемлекеттік бюджет. Бұл қаражат инфра­құрылымды жетілдіруге, цифрлық сервистер мен құқықтық базаны дамытуға, сондай-ақ АХҚО-ны халық­аралық деңгейде ілгерілетуге ­бағытталады.

АХҚО-ның қаржы есептері ҚР Қаржы министрлігі қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында ашық түрде орналасқан. Сонымен қатар қаражаттың жұмсалуы мен негізгі нәтижелері туралы мәліметтер қамтылған жыл сайынғы есептер орталықтың ресми сайтында жарияланып отырады.

Бюджетке әлі тәуелді ме?

Қаржы орталығының қайтарымы мен болашағына күмәнмен қарайтындар да аз емес. Өйт­кені 2020 жылы Астана халықаралық қаржы орталығы, Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, 2023 жылға дейін өзін-өзі қаржыландыруға шығатынын жариялады. Осы мақсатта сол жылы АХҚО-ның бюджеттен қаржыландыру өтінімі 40%-ға қысқарды. Са­лыс­тырсақ, 2019 жылы орталыққа бюджеттен 20 млрд теңге бөлінсе, бұл сома 2020 жылы – 13,1 млрд, 2021 жылы – 11,8 млрд, 2022 жылы – 9,9 млрд, ал 2023 жылы 9,1 млрд теңгеге де­йін ­азаюы тиіс болатын. Жоспар бойынша 2023 жылдан бастап орталық толықтай өзін-өзі қамтамасыз етуі керек еді. Алайда бұл жоспар орындалмады. Депутаттар болса АХҚО-ның әлі де бюджет есебінен өмір сүріп отырғанын сынға алды. Мысалы, 2023 жылы 9,1 млрд теңге алуы тиіс болса да, іс жүзінде 10,4 млрд теңге сұратып алған. 2024 жылы да 8,9 млрд теңге жұмсалса, 2018 жылдан 2025 жылды қоса алғанда, мемлекет бюджетінен АХҚО-ға 114,6 млрд теңге бөлінген. Жаңа жоспарға сәйкес, 2025-2027 жылдары АХҚО-ға ел қазынасынан жыл сайын шамамен 7,1-7,4 млрд теңге бөлінбек. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова АХҚО-ның 2023 жылдан кейін өзін-өзі қаржыландыруға көшуге уәде бергенмен, жыл сайын рес­публикалық бюджеттен қаржы сұрауын жалғастырып отырғанын сынға алып, АХҚО-ны мемлекеттік бюджеттен қаржыландырудың жалғасуы жақсылыққа апармайтынын айтқан.

Уәде неге орындалмады?

Шынында, орталық 2023 жылдан бастап өз-өзін қаржыландыруға көшеді деген уәде берген. Бұл мақсат неліктен орындалмады, қай бағыттар жоспарланған табысты әкелмей қалды деген сұрақты біз АХҚО-ның өзіне жолдадық.

– Біз орталық жетістігін жекелеген бағыттардан түскен табыс бойынша емес, экономикаға қосқан жалпы үлесі бойынша бағалаймыз: жаңа инвестициялар, салық түсімдері, жұмыс орындарын құру және тұтастай алғанда қаржы секторын дамыту. Яғни АХҚО арқылы тартылған инвестиция көлемі 18,2 млрд АҚШ долларын құрайды. АХҚО қатысушылары ел бюджетіне 221,2 млрд теңге салық төледі, сөйтіп ол 10000-ға жуық жұмыс орны құрылған алаңға айналды, – деп жауап берді АХҚО-ның баспасөз қызметі.

 Қанша компания мен жеке тұлға тіркелген?

Бүгінгі таңда Астана халық­аралық қаржы орталығының экожүйесінде әлемнің 88 елінен, соның ішінде Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Сингапур және басқа да мемлекеттерден 4500-ден астам компания тіркелген. Айта кететіні, АХҚО-да тек заңды тұлғалар тіркеле алады.

АХҚО құрамындағы компаниялар ел экономикасының түрлі саласында жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі қаржы және сақтандыру саласында – 1497 компания. Ақпарат және коммуникация бағытында – 809, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 589, көтерме және бөлшек саудада 580 компания тіркелген. Сондай-ақ тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 216, өңдеу өнеркәсібінде – 165, ал басқа салаларда 735 компания қызмет атқарады.

Шетелдіктер үлесі қандай?

Қазіргі таңда АХҚО-да 4,5 мыңнан астам компания тіркелген. Оның шамамен 2 мыңға жуығы – шетелдік, ал 2,5 мыңнан астамы – қазақстандық компаниялар.

Шетелдік қатысушылар әлемнің 88 елінен келген. Географиялық тұрғыдан алғанда, олардың ішінде Азия елдерінен – 1223 компания, Еуропадан – 304, ТМД мемлекеттерінен – 294, Таяу Шығыс пен Африкадан – 48, ал Америка, Океания және өзге аймақтардан 117 ­компания бар.

Салық жеңілдігін алғандар бар ма?

– АХҚО-да тіркелген барлық компания Қазақстан Республикасының салық резиденті болып саналады. Орталық қатысушыларына 2066 жылға дейін қолданыста болатын ерекше салық режимі қарастырылған. Бұл режим бизнес үшін тұрақтылық пен ұзақмерзімді болжамды қамтамасыз етеді. Салық жеңілдігі тек шектеулі санаттағы компанияларға ғана беріледі. Атап айтқанда: қаржы нарығының лицензияланған қатысушылары – корпоративтік табыс салығы (КТС) мен қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған 130-дан астам компания; FinTech-компаниялар – КТС және ҚҚС төлеуден босатылған 20-дан астам компания; қосалқы қызмет ұсынушылар (ASP) – заңгерлік, аудиторлық, бухгалтерлік және кеңес беру қызметтерінен түсетін табысқа КТС төлеуден босатылған 130-дан астам компания бар. Қалған компаниялар Қазақстан Рес­публикасының Салық кодексіне сәйкес барлық салықты толық төлейді. АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) барлық компанияның қызметін қатаң қадағалап, меншік иелерін бенефициарларға дейін тексеріп отырады. Сондай-ақ олар тұрақты есептілікті ұсынады және Қаржы мониторингі агенттігімен өзара жұмыс істейді. Бүгінгі таңда АХҚО қатысушылары мемлекет қазынасына жалпы 221,2 млрд теңге салық төледі, – дейді АХҚО баспасөз қызметі.

АХҚО оффшорлық аймақ па?

Кейбір сарапшылар АХҚО резиденттері осы салық артық­шылығын пайдаланып, табысын елден тыс жерге шығарып кету қаупі бар дегенді алға тартады. Бірақ АХҚО өкілдері бұл пікірмен келіспейді. Орталық оффшорлық аймақ емес және компанияларға салықтан жалтаруға немесе табысты елден тысқа шығаруға мүмкіндік бермейді. Керісінше, оның қызметі толық ашық, айқын және есеп беру қағидатына негізделген.

АХҚО-ның реттеуші органы барлық қатысушыны қатаң бақылайды: тіркеу кезінде компания иелері мен олардың түпкілікті бенефициарлары мұқият тексеріледі, ал кейін тұрақты түрде қаржы есебіне мониторинг жүргізіледі. Барлық тіркелген компания туралы мәлімет ашық жария тізілімде қолжетімді. Сонымен қатар АХҚО халықаралық қаржы ашықтығы стандартын ұстанып, 2023 жылы FATF стандартына сәйкестігі бойынша жоғары баға алған. 2022 жылы АХҚО ЭЫДҰ-ның салық базасын бұлыңғырлауға және пайданы шығаруға қарсы күрес (BEPS) бастамасының талаптарына сай деп танылған.

Табыс қайдан келеді?

Қазір әлемнің назары крип­товалюта мен цифрлық активтер нарығына ауды. Жаңа экономикалық бағыт – жаһандық қаржы жүйесінің болашағын айқындайтын басты фактордың бірі. Осындай үдерістен кейін ел аумағында криптовалюталарды заңдастыру және реттеу мәселесі бойынша Астана халықаралық қаржы орталығы не істемек деген сұрақтың тууы заңды. Алайда оған АХҚО өз аумағында цифрлық активтермен жұмыс істеуге қажетті құқық және инфрақұрылым жағдайы бұрыннан жасалғанын айтады. Олардың айтуынша, АХҚО цифрлық активтермен жұмыс істеуге арналған толыққанды экожүйені қалыптастырған: қазіргі таңда мұнда 27 лицензияланған қатысушы бар, оның ішінде 12 криптобиржа қызмет етеді екен.

2025 жылы цифрлық активтер қызметін көрсететін провайдерлердің клиенттер саны 170 мыңнан асып, тек алғашқы 6 айдың өзінде транзакциялар көлемі 3,6 ­миллиард АҚШ долларынан жоғары болған. Ал 2025 жылдың қазан айында IOSCO ұйымы жариялаған «Крипто және цифрлық активтер нарығына арналған ұсынымдардың іске асырылуын бағалау» есебінде АХҚО крипто және цифрлық активтерді реттеу саласында жетекші әлемдік юрисдикциялар қатарынан ­табылған.

Шапағат ӘБДІР 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button