Қоғам

Елордада кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілуде?

Бүгінде шағын және орта бизнес (ШОБ) елорда экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Астананың жалпы өңірлік өнімінің үштен екісінен астамы осы сектор үлесіне тиесілі. ШОБ 540 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бизнестің, өнеркәсіптің және инвестиция тартудың биылғы 9 айдағы көрсеткіштері туралы елорда әкімдігі Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Биыл ШОБ-ты қолдау мақсатында «Даму» қорының базасында шағын және орта бизнеске арналған кепілдік қоры құрылды.

Бұл қор қаржыландыру көлемі 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қамтиды және жеткілікті кепілі жоқ кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Қордың басты мақсаты – бизнестің мемлекеттік қаражатқа тәуелділігін азайту. «Даму» қоры несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік береді, бұл кәсіпкерлерге несиені тиімді шарттармен алуға мүмкіндік жасайды.

Сонымен қатар, биыл «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама да «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылады және басым салаларды қамтиды. Жеңілдетілген несиенің ең жоғары мөлшері – 7 млрд теңге, мөлшерлемесі – 12,6%.

Бұған қоса, «Астана Бизнес» жергілікті жеңілдетілген несие беру бағдарламасы да іске асырылуда.

Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және білім беру сияқты салаларда кәсіпкерлердің көптеген жаңа жобаларына қолдау көрсетілді.

Жыл басынан бері сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша – 213 жоба, ішінара кепілдендіру бойынша – 51 жоба, жеңілдетілген несие беру аясында – 109 жоба, кепілдік қоры арқылы – 245 жоба, ал «Астана Бизнес» бағдарламасы бойынша – 164 жеңілдетілген несие берілді.

«Елордада әлеуметтік кәсіпкерлік те белсенді дамып келеді. Қалада тіркелген 1 520 кәсіпкердің 268-і – әлеуметтік кәсіпкерлер. Бұл – республика бойынша ең жоғары үлес. Олар негізінен мектепке дейінгі білім беру, ерекше балаларды оңалтуға бағытталған коррекциялық орталықтар саласында жұмыс істейді», – деді спикер.

Сонымен қатар, ол өнеркәсіптің өсімі туралы да айтты.

Астананың №1 индустриялық паркі тұрақты даму көрсетіп, ірі инвестициялар тартып отыр. Мұнда жалпы құны 336 млрд теңгеден асатын 140 жоба орналасқан. Оның ішінде 82 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, ал 58 жоба – жүзеге асырылу кезеңінде. Олардың іске қосылуы алдағы екі жылда жоспарланған.

Бірінші парк тәжірибесін ескере отырып, Индустриялық парк №2 жобасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы іске асыру басталды.

Онда жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын 100-ден астам жоба жүзеге асырылады. Бұл шамамен 8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Инвестиция тарту – қаланың экономикалық дамуының басым бағыты болып қала береді. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Астана экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,7%-ға көп. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 1,1 трлн теңгені құрап, өсім 21,7% болды.

Оң динамика негізінен жылжымайтын мүлікпен операциялар, көлік және қоймалау, білім беру, өңдеу өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру салаларында байқалады», – деді Нұржан Әшімов.

Елордада Ұлттық жоба пулына енген 127 жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың нәтижесінде 24,5 мың жұмыс орны құрылмақ. 2025 жылы 29 жоба іске қосылып, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Қаланың экономикасында сауда және қызмет көрсету саласының үлесі шамамен 77%.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша бұл салада 6,2% өсім тіркелді. Атап айтқанда, бөлшек сауда айналымы 14,4%-ға, көтерме сауда 3%-ға артты.

Қазіргі жағдайда көше саудасын дамыту мақсатында «Көше саудасына арналған павильондарды орналастыру» бағдарламасы аясында қала бойынша 365 сауда павильоны жұмыс істейді.

Маңызды бағыттардың бірі – Астананың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Аграрлық-индустриялық аймақ құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бұл жоба аграрлық және өнеркәсіптік секторларды біріктіріп, өзара ықпалдастыра түседі. Мұнда 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Қазір 33 мың тонна өнімге келісімшарт жасалған, оның ішінде Павлодар және Түркістан облыстарынан 18 мың тонна көкөніс жеткізіледі. Бұл маусымаралық кезеңде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, түрлі аймақтардан 15 мың тоннадай бакалея, сүт және ет өнімдері бойынша келісімдер жасалды.

Спикер елордадағы туризм саласының дамуына да тоқталды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанаға 750 мың турист келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.

Оның 180 мыңы – шетелдік қонақ, негізінен – Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германия елдерінен.

Бүгінде Астана – мәдениет, спорт, медицина және инновациялар тоғысқан ірі орталыққа айналды. Қалада 100-ден астам туристік нысан бар, заманауи навигациялық жүйе, ақпараттық дүңгіршектер, экскурсиялық қызметтер және цифрлық шешімдер енгізілген.

Астана халықаралық әуежайында Taxi Point қызметі іске қосылды – бұл Қазақстандағы алғашқы тәулік бойы жұмыс істейтін такси терминалдары. Қызмет жеті тілде қолжетімді, және қалаға жылдам әрі қауіпсіз трансферді қамтамасыз етеді.

Қалада өндірістік туризм те қарқынды дамуда. Туристер үшін «Ютария» тігін фабрикасына, «MFA International» респиратор зауытына, «MODEX» темірбетон зауытына, «Аромат», «СтальЦинк» және «АЭТЗ» кәсіпорындарына экскурсиялар ұйымдастырылуда. Бұл бағыт елорданың инновациялық және технологиялық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, білім беру туризмі де дамып келеді. Жыл соңына дейін 12 500 оқушы мен колледж студенті кәсіби бағдар беру бағдарламалары мен экскурсияларға қатысады.

Астанада гольф-туризм де жаңа бағыт ретінде қалыптасып келеді. Қала алғаш рет халықаралық гольф туризмі үшін тартымды бағыт ретінде таныстырылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button