Әлеуметтік қызметкер – жауапкершілік иесі

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы жұмысын қорытындылады.
Осы аралықта орталыққа 38 мыңнан астам адам жүгінді. Азаматтардың сұрақтары, негізінен, әлеуметтік көмек, құқықтық кеңес, мемлекеттік қызметтер алу, психологиялық қолдау, жұмысқа орналасу және құжаттарды рәсімдеу мәселелеріне қатысты болды.
«Жанұя» орталығы мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және салалық қызметтермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Орталық базасында «Бір терезе» қағидаты бойынша әртүрлі ведомство мамандары тұрғындарға білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек және басқа да салалар бойынша кеңес береді. Әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге ерекше назар аударылады: тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, көпбалалы отбасыларды сүйемелдеу, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған түлектерді бейімдеу бағытында тұрақты жұмыс жүргізілуде.
Жыл басынан бері отбасы құндылығын нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және ата-ананың жауапкершілігін арттыруға бағытталған 50-ден астам мәдени-ағартушылық іс-шара өтті. Орталық директоры Бахтияр Айтпаевтың айтуынша, әлеуметтік қызметкер – бұл тек мамандық емес, үлкен жүрек пен жанашырлықты талап ететін өмірлік ұстаным.
«Біздің орталық күн сайын мыңдаған адамның тағдырына араласып, көмекке зәру жандарға бағыт-бағдар беріп келеді. Әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру – біздің басты міндетіміз. Осы ретте халықпен тікелей жұмыс істейтін әріптестеріміздің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бұл – асқан жауапкершілік пен кәсібилікті қажет ететін жұмыс» дейді Б.Айтпаев.
Мақпал ОРЫНБЕТ,
БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы



