Мәдениет

Көне сарындар кеші

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» халық музыка ансамблі өзінің XXVIII концерт маусымын «Көне сарындар» концертімен ашты.

Бұл кеш сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының рухани қазынасын, дәстүрлі аспаптық музыканың терең­дігін, ұлттық үннің құдіретін дәріптейтін тағылымды іс-шараға айналды. Көнеден жеткен күйлер мен бүгінгі тың шығармалар үндесе отырып, көрерменді ұлттық өнердің мәйегіне бөледі. Бағдарламада Қорқыт, Ықылас, Асан қайғы, Байжігіт сынды күйшілердің шығармалары, сондай-ақ халық күйлері мен заманауи авторлық туындылар орындалды. Қобыз, сазсырнай, адырна, сыбызғы, жетіген, шертер, барбыт, пиалафон секілді көне әрі сирек кездесетін аспаптардың үні кештің көркемдік деңгейін айшықтай түсті. Концерт Тоғжан Жахиннің авторлық туындысы – «Алатау аясында» атты аспаптар шеруімен ашылды.

Ансамбль бұл шығарма арқылы түрлі көне аспаптың үнімен көрерменді төл музыка әлеміне жетеледі. Қобыздың киелі үніне негізделген Қорқыттың «Ұшардың ұлуы» мен «Қорқыт», Ықыластың «Кертолғау», «Аққу», «Шыңырау» күйлері терең философиялық астарымен ерекшеленсе, Асан қайғының «Жерұйық» шығармасы – халық армандаған мекен туралы толғаныс. Сыбызғыда орындалатын халық күйі «Жылқысын жау айдаған жалғыз жігіт» пен Бейсенбі Дөненбайдың «Қымыз күйі», Жадыра Смағұлованың орындауындағы шертерге арналған «Жорға аю» сынды күйлер тыңдаушыны қазақ даласының тіршілік тынысымен қауыштырды. Қарагөз Гасимованың орындауындағы сазсырнай, адырна, жетіген секілді көне аспаптарға арналған «Зәурен», «Аңшының зары» және авторлық «Тылсым дүние» шығармалары ұлттық үн мен заманауи көзқарастың көркем тоғысын паш етті. Концерт соңында Тельман Ермағанбетовтің пиалафон аспабына қосылып ансамбль орындаған халық күйі «Пиала» сахналық қорытындыға айналды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button