Астана полицейлері IPSC практикалық атудан чемпионатта топ жарды

Астана полицейлері IPSC практикалық атудан Қазақстан чемпионатында топ жарды. Алматы облысының Қонаев қаласында 3–5 қазан аралығында Қазақстан көлемінде практикалық атудан (IPSC) тапанша бағдарламасы бойынша кең ауқымды чемпионат өтті. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 80 кәсіби спортшы қатысып, жоғары дәлдік пен жылдамдықта өз шеберліктерін сынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Халықаралық стандартқа сай ұйымдастырылған бәсекеде тек мергендік қана емес, сонымен бірге тактикалық ойлау, шапшаң шешім қабылдау және қаруды қауіпсіз меңгеру деңгейі бағаланды. Қатысушыларға түрлі кедергілер, динамикалық қашықтықтар мен көп нысаналы тапсырмалар ұсынылды.
Жалпы командалық есепте Астана қаласы полиция департаментінің командасы жүлделі I орынды иеленді. Ал жеке біріншілік бойынша елордалық жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері де үздік нәтиже көрсетті: полиция майоры Ерлан Базарбаев – I орын, полиция майоры Медет Слямгазин – III орын алды. Бұл жетістік астаналық арнайы жасақ қызметкерлерінің тек тактикалық дайындықта ғана емес, атыс машығын кәсіби деңгейде меңгеруде көш бастап тұрғанын дәлелдейді.
Негізгі мақсат – нақты атыс дағдысын, шұғыл шешім қабылдау қабілетін және экстремалды жағдайда әрекет ету машығын көрсету болды. Жарыс барысында халықаралық регламентке сәйкес қауіпсіздік пен әділдік талаптары қатаң сақталды. Ұйымдастырушылар елордалық полицейлердің кәсіби деңгейін ерекше атап өтіп, олардың жеңісін басқа өңірлерге үлгі ретінде көрсетті. Бұл жеңіс – күнделікті жаттығу, тәртіп, тактикалық шеберлік пен командалық үйлесімділіктің айқын жемісі.