Аудандық орталық ашылды

Халықаралық қарттар күні мерекесінде тағы бір жағымды жаңалыққа куә болдық. Астана қаласы Сарайшық ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Орталықты Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзі келіп ашты.
Бас қала әкімі өзімен бірге әкімдіктің сала басшыларын ала келіп, қарттармен, ардагерлермен кездесу өткізді. Осы іс-шара барысында қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында атқарылып отырған іс-шаралармен таныстырды. Қалада 150 мың зейнеткер тіркеуде тұр. 382 ардагердің бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Аға буынның негізгі міндеті ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, жастарға тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарды қастерлеуді ұлықтау болса, мұны олар үздіксіз насихаттап келеді.
Қарттар мен ардагерлерге қалалық әкімдік, ардагерлер кеңесі тарапынан көрсетіліп отырған қамқоршылық пен құрмет өз деңгейінде деп айта аламыз. Жыл сайын Халықаралық қарттар күні қарсаңында берілетін бір реттік ақшалай көмек, көлікте тегін жүру, геронтология кабинеті, курорт, санаторияға демалысқа жіберу, түрлі мәдени концертке тегін шақыру – осының бәрін қарттарға деген зор құрмет деп бағалаймыз.
Жаңа орталықтың ашылуында көпшілікпен жүздескен Жеңіс Махмұдұлы ардагерлерге ризашылық білдіре келе, өз ойын ортаға салды. Кездесуге қатысқан сала басшылары сұрақтарға жауап берді. Кейбір түйткілді мәселелердің орындалуын қала әкімі өз бақылауында ұстайтынын айтты. Жалпы қала әкімі Жеңіс Қасымбектің атқарып отырған жұмысына жұртшылық дән риза. Астананың күннен-күнге ажарлануы, көшелер мен жолдардың жаңаруы, мектеп пен емхана санының артуы тұрғындардың көңілінен шығуда. Ауа райының күрт суытуына байланысты жылу маусымының ерте басталуы да барлық жағдай назарда екенін аңғартты.
Басты құндылық, байлық – халқымыз. Олай болса еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын ойлап, әрқашан бірлікке шақыратын қазыналы қарттарымыз, ардагерлер, аман-сау жүріңіздер!
Қарлығаш ҚҰСПАНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі