Елордалық түлектер ағаш егу эко-челленджіне атсалысты
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өтті. Бұл іс-шараға Астанадағы мектеп түлектері де белсенді атсалысып, білім ошақтарының ауласына ағаш екті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып, елімізде заманауи экологиялық күн тәртібін қалыптастырудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырылады. Акцияның мақсаты – түлектерді қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тарту, экологиялық мәдениетті дамыту және табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыру.
Қазақстанның барлық білім беру ұйымдарында «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік» айы жарияланып, соның аясында «Халықаралық балалар кітабы күні», «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні», «Ұлттық кітап күні» және басқа да бірқатар республикалық акциялар ұйымдастырылды. Бұл бастама өскелең ұрпақты кітап оқуға, қайырымды істерге баулуға, сондай-ақ қоршаған ортаға деген қамқорлық пен экологиялық мәдениеттілік қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы аясында мектеп аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер) тазалық жұмыстарын жүргізу қолға алынуда.

Экологиялық бастамаға еліміздегі 100 мыңнан астам 9 және 11 сыныптарының түлектері қатысты. Челлендж аясында барлық өңірдегі мектеп түлектері білім беру ұйымдарының аумақтарында, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерде ағаш отырғызып, елді мекендерді көгалдандыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосты. Соның ішінде Астанада №111 жалпы орта мектебінің 100-ден астам түлектері мектеп аумағына түрлі ағаштар егіп, эко-челленджге Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері және Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев те қатысты.



